Accessibility links

ФБР Капитолийге шабуыл кезінде өкілдер палатасы спикерінің ноутбугы ұрланды деген ақпаратты тексереді


Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің кабинеті шабуылдан кейін. 6 қаңтар 2021 жыл.
Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің кабинеті шабуылдан кейін. 6 қаңтар 2021 жыл.

АҚШ федералдық тергеу бюросы (ФБР) 6 қаңтарда Капитолийге шабуыл кезінде наразылыққа қатысқан әйелдердің бірі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің кабинетінен ноутбук немесе қатқыл дискіні ұрлап алып, Ресей тыңшыларына сатқысы келді деген ақпаратты тексеріп жатыр.

ФБР агентінің сотқа жіберген шағымында Пенсильвания тұрғыны Рили Джун Уильямске қарсы айыптаулар жазылған. Америкалық БАҚ-тың жазуынша, Уильямс ұсталмаған және қазір жасырынып жүр.

Ноутбуктың ұрланғаны жайлы ақпаратты тергеу органдарына куәгерлердің бірі хабарлаған. Ол наразылық кезінде Уильямстың ноутбукті ұрлап, Ресейдегі достарының біріне табыстағысы келетінін айтқан. Ал досы оны Ресейдің сыртқы барлау қызметіне тапсыруы тиіс болған. Алайда бұл жоспар іске аспай қалған. Ноутбук Ресейге жіберілмеген. Әйел оны жойып жіберуі де мүмкін. Дегенмен Пелоси ноутбугының ұрланғаны немесе оны Ресейге беріп жібермек болғаны жайлы ақпарат толық анықталмаған. Құжат авторы бұл жағын ашып жазбаған. Әзірге Уильямсқа ноутбукты ұрлау бойынша айып тағылмаған.

АҚШ құқық қорғау органдары 6 қаңтар күнгі шабуылды зерттеп жатыр. Тәртіпсіздік кезінде бір полиция офицері мен бірнеше демонстрант қаза болған. Жүздеген адамға айып тағылған, алайда көбіне "бұзақылық" немесе "Капитолий ғимаратына заңсыз басып кіру" бойынша салыстырмалы түрде жеңіл баптар бойынша айыптар тағылған. Бірқатар саясаткерлер наразылықты "бүлік" немесе "ішкі бүлік" деп атаған. Ал өкілдер палатасы президент Трампқа "бүлікті қоздырғаны үшін" импичмент жариялады. Сенат 20 қаңтарға дейін Трампты қызметінен кетіру бойынша процесс өткізіп үлгермейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG