Accessibility links

Қамаудан босап шыққан белсенді полицейдің "өзін ұрып, күш көрсеткеніне" шағымданды


Сайлау күні полицейлер алаңға келген адамдарды ұстап жатыр. Ақтөбе, 10 қаңтар 2021 жыл. Көрнекі сурет.
Сайлау күні полицейлер алаңға келген адамдарды ұстап жатыр. Ақтөбе, 10 қаңтар 2021 жыл. Көрнекі сурет.

Сайлау күні ұсталып, 10 күнге қамалған астаналық белсенді Сәуле Сейдахметова 20 қаңтарда бостандыққа шықты. Ол Азаттық тілшісіне полицияның үйінің алдында қалай ұстап, алып кеткенін баяндап берді. Белсенді ұстау кезінде полицейдің өзін ұрғанына шағымданды.

Сәуле Сейдахметованың айтуынша, 10 қаңтарда таңертең белсенді Бибігүл Тұяқовамен бірге сайлау учаскесіне дауыс беру үшін шыққанда үйінің алдында "өзін таныстырмаған, азаматтық киім киген бес ер адам" тосып алып, көлікке отырғызып алып кеткен. "Біз бірінші сайлау учаскесіне барып, дауыс берейік, содан кейін полицияға апарасыздар" деген кезде "иә, иә" деп келіскен еді, бірақ олар басқа жаққа қарай тартып кетті" дейді Сейдахметова.

Сәуле Сейдахметова. Нұр-Сұлтан, 21 қаңтар 2021 жыл.
Сәуле Сейдахметова. Нұр-Сұлтан, 21 қаңтар 2021 жыл.

- Олар бағдаршамға тоқтай қалды. Сол кезде мен көліктен түсіп кеттім. Артынша Бибігүл де түсті. Олар бізді қуып жетті. Сол кезде Бибігүл видеоға түсіре бастады. Бибігүлдің қолындағы телефонды тартып алды. Сол жерде кәдімгідей сабап тұрып, көлікке тықты. Бірінші көлікке сүйрелеп апарды. Одан кейін бір полицей қолымды қайырып, екі аяғымен қысып басып алды. "Қолым ауырып бара жатыр" десем де босатпай қойды. Одан кейін бас киімімді бетіме түсірді. Бас киімнің сыртынан ұрса, беті көгермейді деп ойласе керек. Содан кейін беттен бір рет, бастан бір рет ұрды. Бұдан соң әлсіреп қалдым да, сәл босап едім, екі орындықтың ортасына түсіп қалдым. Содан соң учаскелік инпекторлар келіп, мені тұрғызып алып, Алматы аудандық ішкі істер басқармасына алып барды, - деді Сейдахметова Азаттық тілшісіне.

Полиция бөлімшесінде ондағылар "8 қаңтарда кәсіпкер Барлық Меңдіғазиевтің жазғандарын әлеуметтік желіде тараттың" деп айыптаған. Ал белсенді Facebook желісінде таратпағанын айтқан. Сол күні сағат 15:30-дар шамасында сот өтіп, Нұр-Сұлтан әкімшілік соты оны "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы (488-бап, 7-тармағы) бойынша кінәлі деп тауып, 10 күнге қамаған.

Ол өзін ұрған полицейдің аты-жөнін жазып алып, Алматы ішкі істер басқармасы бастығының атына арыз жазған. 10 қаңтарда сот алдында мемлекеттік адвокатына арызды тапсыруды сұраған. "Арыздың жеткенін-жетпегенін білмеймін. Бірақ қазір "дауыс беру құқығынан айырғаны үшін" ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты сотқа бергім келеді. Заңгерлік көмек керек" деді ол.

Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық ішкі істер басқармасының өкілдері Сейдахметова айтқан полицейдің сол жақта істейтінін растады. Бірақ Азаттық тілшісі полицейдің өзінен жауап ала алмады. Бейсенбі күні таңертең хабарласқан кезде басқарма бастығы Дастан Қабдырахимұлы Қалиевтен жауап алу мүмкін болмады.

Сейдахметова полиция соққысынан кейін беті ісіп, басының оң жақ бөлігі ауырып қалғанын айтады. "Полицияда жедел жәрдем көлігін шақырып едім, олар жүрексіз екен. Бетімнің ісіп тұрғанын көре тұра полицияға бере салды. Изоляторда бірнеше күн басым ауырып, көзім дұрыс көрмей жүрді. Уақытша қамау изоляторының дәрігеріне айтып едім, "бас ауру дәрісін ішіңіз" деп бір дәрі берді" деді ол.

10 қаңтарда Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы өткен. Сайлау күні және соның қарсаңында құқық қорғаушылар белсенділерге қысым күшейіп, қудаланғанын хабарлаған. Сайлау күні бірнеше қалада полиция әділ сайлауды талап еткен наразыларды ұстап, Алматыда арнайы жасақ "демпартия" және Oyan, Qаzaqstan жастарын аязда 7-10 сағат аралығында ұстап тұрды. Ішкі істер министрлігі сол күні кешке "ұсталғандардың бәрі босатылды" деп мәлімдегенмен онға жуық адам әкімшілік қамауға алынып, бірнешеуіне айыппұл салынды.

Қарай отырыңыз: ІІМ "сайлау күні ұсталғандар босатылды" дейді. Бірақ елде белсенділер қамалып жатыр (12 қаңтар 2021 жыл).

ІІМ "сайлау күні ұсталғандар босатылды" дейді. Бірақ елде белсенділер қамалып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:35 0:00

Қазақстан билігі сайлауды әділ әрі таза сайлау деп бағалады. ЕҚЫҰ-ның бақылаушылар миссиясы сайлаудың бәсекесіз өткенін, конституция кепілдік берген еркіндіктерге жүйелі түрде шектеу қойылғандықтан, сайлаушылардың шынайы таңдау мүмкіндігі болмағанын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG