Accessibility links

Қытайдан келген Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлына белгісіз біреулер шабуылдады


Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақ Қайша Ақан Қазақстан билігі өзіне бір жылға берген босқын куәлігін көрсетіп тұр. Алматы облысы, 30 қазан 2020 жыл.
Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақ Қайша Ақан Қазақстан билігі өзіне бір жылға берген босқын куәлігін көрсетіп тұр. Алматы облысы, 30 қазан 2020 жыл.

Шыңжаңдағы қысым туралы айтып жүрген Қытай қазақтары Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлына 21 қаңтарда түнде шабуыл жасалды. Тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханның айтуынша, Қайша Ақанға шабуыл түнде үйінің маңында жасалған.

- Кеше Қайша хабарласты. Дауысы әрең шығып тұр. "Мені біреулер ұрып кетті" деді. Үйінде күйеуі жоқ болған екен. Үйінен шығып дүкенге барып, қайта айнала бергенде қараңғы бұрыштан біреу шығып, белгісіз затпен басынан қатты ұрған. Екі рет ұрған. Қылқындырып сүйреген. Сол кезде есінен танып қалған. Есінен жиса, әбден тоңған. Сол кезде маған хабарласты, - деді Бекзат Мақсұтхан.

Қайша Ақан шабуылдан кейін. Алматы, 21 қаңтар 2021 жыл.
Қайша Ақан шабуылдан кейін. Алматы, 21 қаңтар 2021 жыл.

Бұдан соң оқиға орнына полиция, жедел жәрдем көлігі шақыртылған. Қайша Ақанды ауруханаға алып кеткен. Заңгер Гүлмира Қуатбекқызының айтуынша, қазір Қайша Ақанның жағдайы қалыпты: есін жиған, сөйлей алады. Басында және бетінде ісік бар. Былтыр жазда операция жасалғандықтан кейбір емдерді қабылдай алмаған. Ауруханада өзін қауіпсіз сезіне алмайтынын айтып, оған жатудан бас тартқан.

- Бұл оқиғаны кездейсоқ жасалған шабуыл деп санамаймыз. Ескерту сипатындағы нәрсе. Оның ешқандай затын алмаған. Бүкіл құжаты өзінде. Қайша Ақан бұған дейін де күмәнді әрекеттерді байқаған. Өзі отбасымен пәтер жалдап тұрады. Ол жаққа бөтен адамдар көп келіп, кейбірі Ақан жайлы сұраған. Қытайдағы туыстарына адам құқығының тапталуы жайлы айтпаңдар деп ескерту жасалған, - деді Гүлмира Қуатбекқызы.

Бекзат Мақсұтқанның айтуынша, 21 қаңтарда түнде Мұрагердің туыстары да хабарласып, Мұрагерді де белгісіз біреулердің пышақтап кеткенін хабарлаған.

- Әпкесі хабарласты. Екі адам екі жерден пышақтаған. Қайшаға - бір адам, Мұрагерге екі адам шабуылдаған. Қалтасында қайта бір қатты зат бар екен. Онша тереңдемепті. Жедел жәрдем әкетіп бара жатыр деп видеоларды жіберді, - деді ол.

Ақпаратқа қарағанда оларға бір мезгілде шабуыл жасалған. 22 қаңтар таңертең Мұрагер Әлімұлының өзі Азаттыққа болған жайтты былай деп баяндады.

- Кеше Қояндыда қараңғы көшеде келе жатқанмын. Өмірімде көрмеген танымайтын екі адам келіп, ләм-мим деген де жоқ, бірден бас салды. Қалтамда телефон зарядтайтын темір зат болған. Екі рет пышақ ұрған кезде сол тосып қалды. Терінің сыртын тіліп кетті. Қолдарында темір бар екен. Басыма және беліме қатты тиіп кетті. Қазір жағдайым жақсы. Сәлден соң ауруханаға барып, тексерілемін, - деді Мұрагер Әлімұлы.

Қайша Ақан Қытайда қысым көргенін айтып 2018 жылы мамыр айында Қазақстанға өткен. 2019 жылдың желтоқсан айында Алматы облысы Панфилов аудандық соты Қайша Ақанды "шекара бұзғаны" үшін шартты түрде жарты жылға бостандығынан айырған. Сот оны 2018 жылдың мамыр айында Қазақстанға Қытайдан заңсыз өткені үшін айыпты деп таныған. Шыңжаңда туып-өскен Қайша Ақан сотта Қытайда өзіне "лагерьге қамалу қаупі төнген соң" Қазақстанға қашып өтуден басқа амалы қалмағанын мәлімдеген. Былтыр қазан айында Қазақстан оған босқын мәртебесін берді.

Қазақстан 2019 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы арқылы қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен Мұрагер Әлімұлына да босқын мәртебесін берген. Ол Шыңжаңдағы қысымнан құтылу үшін шекарадан өтуге мәжбүр болғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG