Accessibility links

"Қазақстан теміржолы" Сауат Мыңбаевтың "жарақат алғанын" хабарлады


Сауат Мыңбаев 
Сауат Мыңбаев 

"Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясы сенбі, 23 қаңтарда басшысы Сауат Мыңбаевтың "жарақат алғанын" хабарлады.

"Басқарма басшысы Сауат Мыңбаев спортпен айналысып жатқанда жарақат алды. Қазір ем алып жатыр. Денсаулығына қауіп жоқ" деген хабарламаны ҚазТАГ және Tengrinews агенттіктері жариялады.

Бұл – Қазақстан үшін тосын құбылыс. Әдетте ақпарат құралдары ұлттық компаниялар мен мекемелер басшыларының денсаулығы туралы ақпаратты көп жариялай бермейді.

Мұның алдында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 58 жастағы Сауат Мыңбаев "белгісіз жағдайда омыртқасын зақымдап, Германиядағы "Шарите" емханасына жеткізіліпті" деген жаңалық тараған. Сол жаңалықпен бірге барлық ұлттық компаниялар құрамына кіретін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшылығы "Мыңбаев пен ERG Еуразия тобының басшылары арасындағы ықтимал конфликт, Мыңбаев пен экс-президент Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының араздығы мәселелері талқыланып жатыр екен" деген де сөз тарады.

"Қазақстан темір жолы" Сауат Мыңбаевтың қайда екені, оның ауруханаға жатқызылғаны туралы ешқандай мәлімет бермеді.

Мыңбаев 2018 жылдан бері ұлттық теміржол компаниясын басқарады. Бұған дейін ол бес жыл "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясына басшылық еткен. Оның алдында президент әкімшілігінің басшысы, вице-премьер қызметтерін атқарған, түрлі министрліктерді басқарған.

2018 жылы Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) жариялаған "Қазақстанның құпия миллиардерлері" атты материалда Сауат Мыңбаевтың есімі аталған.

Миллиондаған құжат негізінде зерттеу жүргізген авторлардың жазуынша, миллиардтаған активі бар Meridian Capital компаниясының артында Мыңбаев тұрған болуы мүмкін. Азаттық сауалына жауап берген Мыңбаевтың өзі жеке сектордан мемлекеттік қызметке өткен 2003 жылы активтерін басқа адамдардың басқаруына бергенін айтқан. Дегенмен ол OCCRP мақаласындағы фактілерді терістеуді талап етпеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG