Accessibility links

Венгрия Еуроодақ елдерінен алғаш болып Ресейдің "Спутник V" вакцинасын сатып алмақ


Ресейлік "Спутник V" вакцинасы.
Ресейлік "Спутник V" вакцинасы.

Венгрия "Спутник V" вакцинасының екі миллион дозасын сатып алу жөнінде Ресеймен келісімге қол қойды. Бұл – коронавирус инфекциясына қарсы Ресей ғалымдары жасаған вакцинаны пайдалану жөнінде шешім қабылдаған Еуропа одағындағы алғашқы ел.

Ресей денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашкомен бірге брифинг өткізген Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийярто "үлкен көлемдегі вакцина елге үш бөлікпен жеткізіледі" деді.

Кейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен келіссөз бастардың алдында Сийярто"Спутника V" вакцинасының 2 миллион данасын алу туралы келісімге қол қойғанын хабарлады. Бұл бір миллион адамға екпе салуға жетеді (бір адамға вакцинаның екі дозасы салынады).

Сийяртоның айтуынша, алғашқы лекпен келген вакцина 300 мың адамға екпе салуға жетеді, одан соң 500 мың және 200 мың адамға жететін вакцина екі бөлекпен тағы жеткізіледі. Министр вакциналардың қай кезде келетіні жайлы ештеңе айтпады.

Венгрия үкіметі елде коронавирусқа қарсы екі вакцинаны қолдануға алдын ала рұқсат берді. Олар - британдық AstraZeneca және ресейлік "Спутник V" екпелері.

Венгрияда "Спутник V" екпесін қолдануға берілген рұқсат мерзімі – 6 ай. Бұл мерзім кейін тағы алты айға созылуы мүмкін.

Worldometer дерегі бойынша, Венгрияда коронавирус инфекциясымен 358 мыңдай адам тіркелген, 12 мыңдай кісі көз жұмған. 10 миллионға жуық тұрғыны бар бұл ел Covid жұқтырғандар саны бойынша әлемде 38-орында.

Еуропа одағында дәрі-дәрмек қолдану тәртібін реттейтін Еуропа дәрі-дәрмек агенттігі Ресей вакцинасын қолдануға әлі рұқсат берген жоқ.

Коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен әлемде төртінші орында тұрған Ресейде өткен айдан бастап сынақтың үшінші кезеңін толық аяқтамаған Гамалея орталығы әзірлеген "Спутник V" препараты тұрғындарға егіле бастаған.

Ресей тіке инвестиция қорының мәліметінше, содан бері "Спутник V" вакцинасы 1,5 млн адамға егілген.

Былтыр Ресей билігі сынақтың үшінші кезеңі аяқталмай жатып екі вакцина – "Спутник V" және "ЭпиВакКорона" екпесінің тіркелгенін хабарлаған. Тамыз айында Қазақстан мен Ресей "Спутник V" жеткізу туралы келісімге де келген. Бірақ халықаралық сарапшылар сынақтың үшінші кезеңі аяқталмаған ресейлік вакцинаға күмәнмен қараған. Желтоқсан айының соңында "Қарағанды дәрі-дәрмек кешенінде" ресейлік "Спутник V" вакцинасы өндіріле бастаған. Кешенде бастапқы кезеңде вакцинаның 2 млн дозасы шығарылады деп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG