Accessibility links

Мәскеуде Навальныйдың әйелі мен жақтастары ұсталды 


Мәскеудегі Навальный жақтастарының наразылығы. 23 қаңтар, 2021 жыл.
Мәскеудегі Навальный жақтастарының наразылығы. 23 қаңтар, 2021 жыл.

Мәскеудегі наразылық акциясы кезінде полиция Алексей Навальныйдың әйелі Юлия Навальнаяны ұстады. Бұл жөнінде саясаткердің зайыбы Instagram парақшасында хабарлады.

"Настоящее время" тілшісінің хабарлауынша, Навальнаяны Мәскеудің Большая Дмитровка көшесінің маңында ұстаған.

22 қаңтарда Юлия Навальная алаңға шығатынын айтқан. "Мен қайтпас қайсар, батыл азамат үшін [алаңға] шығамын, оны улап, өлтіруге тырысып жатыр, ал ол соған қарамастан ештеңеден қаймықпай жүр. Өзім қатты жақсы көретін адам үшін шығамын" деді ол.

Навальныйдың әйелі бұрын көбіне тек рұқсат етілген шараларға ғана қатысып жүретін.

Тілшілер Мәскеудегі Пушкин алаңынан Алексейдің және қазір қамауда отырған Олег Навальныйдың анасы Людмила Навальнаяны да байқаған.

Бұдан бұрын полиция Пушкин алаңынан "Жемқорлықпен күрес" қорының заңгері Любовь Собольді ұстап әкеткен.

"Настоящее время" Собольді ұстаған сәттің видеосын Twitter парақшасына салды.

Ресей ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша алаңға төрт мыңдай адам жиналған.

Шара өтетін уақытқа бір сағат қалғанда-ақ Пушкин алаңы адамға толы болды. Тверьская көшесінің екі жағында да адам көп.

  • Оппозицияшыл саясаткер Алексей Навальныйдың жақтастары оны қолдау үшін 23 қаңтарда жалпыұлттық қарсылық акциясын ұйымдастырып жатыр. Елдің түкпір-түкпірінде мыңдаған адам қатысқан митингілер өтіп, жүздеген адам ұсталды.
  • "Новичок" уымен уланып, ауруханаға түскен Алексей Навальный Германияда емделіп, 17 қаңтарда Ресейге келген бетте Мәскеу әуежайында ұсталған.
  • Қиыр Шығыс пен Сібірде мыңдаған адам қатысқан митингілер өтті. Мәскеудің Пушкин алаңында, Санкт-Петербургтың Сенат алаңында жиын әлі жалғасып жатыр. Полиция шара басталмай жатып белсенділерді ұстауға көшкен.

Азаттықтың "Настоящее время" арнасы оқиға орнынан тікелей хабар таратып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG