Accessibility links

Ақтөбеде жүздеген бақылаушы Тоқаевтан сайлауды заңсыз деп тануды талап етті


Қазақстандағы парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат сайлауы кезінде дауыс бергелі жатқан азамат. Нұр-Сұлтан, 10 қаңтар 2021 жыл.
Қазақстандағы парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат сайлауы кезінде дауыс бергелі жатқан азамат. Нұр-Сұлтан, 10 қаңтар 2021 жыл.

23 қаңтар күні Ақтөбенің тәуелсіз бақылаушылары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат сайлауын заңсыз деп тануды талап етті.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданған үндеуде "Сіз халыққа сайлау әділ өтеді деп уәде бергенсіз. Алайда бұл әділетсіз сайлау болды. Орталық сайлау комиссиясы 10 қаңтар күні халықтың құқығын аяққа таптап, "Сайлау туралы" заңның талаптарын өрескел бұзды. Тәуелсіз бақылаушылар учаскелерге кіре алмады" деп жазылған.

Үндеу жолдамас бұрын тәуелсіз бақылаушылар сайлау күнгі заң бұзушылықтарды айтып, прокуратура мен полицияға да жүгінген.

– Сайлау күні Ақтөбедегі №36 учаске төрағасы құқығымды бұзып, учаскеге кіргізбеген соң, полицияға арыз жаздым. Хат-хабар болмағасын кеше полицияға тағы бардым. Сөйтсем, олар арызымды облыс әкімдігіне жіберіпті. "Сол әкімдікке бағынышты учаскенің үстінен шағымданып отырған жоқпын ба? Неге әкімдікке жібересіңдер?" десем, полициядағылар "бізге берілген тапсырма солай" дейді. Міне, бүгін 14 күн өтті, арызыма әлі ешкім жауап берген жоқ, – дейді тәуелсіз бақылаушы Самат Нұрбаев.

Тәуелсіз заңгер Бақытғұл Қанатовтың сөзінше, сайлау барысындағы заңсыздықтар бойынша тәуелсіз бақылаушылар Ақтөбе полициясына 2 арыз жазған. Одан бөлек Ақтөбенің әкімшілік сотына 4 арыз жолданған.

– Әкімшілік сот екі арызымызға жауап берді. Екеуінде де "тиісті орындарға шағымдануыңыз керек. Сол себепті арызыңыз кері қайтарылды" деп жазылған, – дейді Бақтығұл Қанатов.

Сенбі күні Ақтөбедегі жеке кеңселердің бірінде бас қосқан тәуелсіз бақылаушылар Тоқаевтан мәжілістің жаңа құрамын таратып, қайтадан демократия талаптарына сай сайлау өткізуді сұрайды.

Үндеуге жүзге жуық тәуелсіз бақылаушы қол қойған.

10 қаңтардағы сайлау – елді 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткен соң өткен алғашқы сайлау. Бұл саяси науқанда президенттіктен кетсе де, билікке ықпал етіп отырған Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясы жеңіске жетіп, мәжілістегі орынның басым көпшілігін иеленді.

Сайлау кезінде тәуелсіз бақылаушылар көп кедергіге тап болғанын айтқан. ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясы елдегі саяси науқанда "шынайы бәсеке болмады, сайлау демократиялық талаптарға сай болмады" деп бағалады.

Батыс бақылаушылары Қазақстандағы барлық сайлауды "демократиялық талаптарға сай емес" деп мәлімдеген. Билік сайлау әділ өтті деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG