Өзбекстанда президент сайлауы биыл қазан айында өтуі мүмкін. Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, сайлау мерзімін өзгерту туралы ұсыныс 25 қаңтар күні парламенттің төменгі палатасының отырысында талқыланған.
Қазіргі заңнамаға сәйкес, президент, заң шығару органы, Қарақалпақстанның жоғарғы кеңесі және облыс, қала, аудандық билік тармақтарына сайлау олардың өкілеті аяқталатын жылдың аяғында – желтоқсанның соңында өтуі тиіс.
Ал қазір сайлауды желтоқсаннан қазан айына ауыстыру ұсынылып отыр. Егер заң жобасы мақұлданса, президент сайлауы биыл 24 қазанда өтеді.
Шавкат Мирзияев былтыр желтоқсан айында 2021 жылы президент сайлауын халықаралық стандартқа сәйкес өткізу керек деп мәлімдеген. Елде соңғы президент сайлауы 2016 жылы 4 желтоқсанда өткен.
2016 жылы Каримов дүние салған соң билікке келген Шавкат Мирзияев бірқатар реформалар жүргізуге уәде еткен. Каримов тұсында оқшауланып қалған Өзбекстан Орталық Азиядағы көрші елдермен қатынасты жандандыруға тырысып, батыспен де байланысты жақсартуға күш салған. Сарапшылардың айтуынша, ішкі саясат, қаржы, салық, экономика және білім саласында да өзгерістер байқалған. Алайда Мирзияев тұсында бұрынғы кадрлар айтарлықтай жаңармаған. Реформалардың өзіне әміршілдік сипат тән болған.
ПІКІРЛЕР