Accessibility links

Сот ордабасылық белсенді Қайрат Сұлтанбектің бас бостандығын бір жылға шектеді


Қайрат Сұлтанбек.
Қайрат Сұлтанбек.

26 қаңтар күні Түркістан облысы Ордабасы ауданының соты азаматтық белсенді Қайрат Сұлтанбектің бас бостандығын 1 жылға шектеді. Сот оны "тыйым салынған ұйым жұмысына қатысқаны үшін" кінәлі деп тапты.

Үкімді Ордабасы аудандық сотының судьясы Алтай Қалықұл оқыды. Ол "Қайрат Сұлтанбек Қылмыстық кодекстің 405-бабымен ("Экстремизм не терроризммен айналысқаны үшін сот шешімімен тыйым салынған қоғамдық немесе діни бірлестіктің не өзге де ұйымның жұмысына қатысу" бабы) кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын" деді.

47 жастағы кәсіпкер Қайрат Сұлтанбек Азаттыққа соттың үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсірмейтінін айтты.

"Тағылған айыпты мойындамаймын. Қазақстан заңдарымен келіспеген соң, бір заң екіншісіне қарсы болған соң үкімге апелляциялық шағым түсірмеймін" дейді белсенді.

Қайрат Сұлтанбек 2020 жылдың 22 қыркүйегінде үйінен ұстап әкетілген. 24 қыркүйек күні соттың қаулысымен екі айға үйқамаққа алынған. Тергеу амалдарына байланысты үйқамаққа алу мерзімі тағы бір айға ұзартылған. Тергеуді Түркістан облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы жүргізген.

Сот Сұлтанбектің үйқамақта отырған бір күні екі күнге есептелсін деді. Белсенді "шамамен қалған төрт ай жазамды өтеген соң Қазақстаннан кетемін, бір адамның бақылауында өмір сүру дұрыс емес. Әр адам өз құқығы үшін күресу керек" деді. Белсендіні айыптау парағында Қазақстан сотының шешімімен экстремистік деп танылып, жұмысына тыйым салынған "Көше партиясымен" байланысы бар екені айтылған.

2020 жылғы мамырда Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық соты "Көше партиясын" оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп, қызметіне тыйым салған. 2018 жылы Қазақстан соты "экстремистік" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы қарарында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Түркістан облысында сот бұған дейін Сұлтанбектен бөлек тағы екі белсендінің "тыйым салынған ұйым жұмысына қатысты" деп 1 және 3 жылға бас бостандығын шектеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG