Accessibility links

Экобелсенділер "жоба авторлары Бозжыра маңында қонақ үй салу ойынан айнымады" дейді


Бозжыра шатқалы маңындағы туристер көлігі.
Бозжыра шатқалы маңындағы туристер көлігі.

Былтыр Маңғыстау облысында Бозжыра шатқалы маңында қонақ үй кешені салынады деген хабар қоғамда дау тудырып, кейіннен билік "жоба қайта қаралады" деп мәлімдегеннен кейін дау саябырсығандай болған. Экобелсенді Анар Жандосова Азаттыққа жоба авторлары шатқал маңында қонақ үй салу ойынан айныған жоқ деді.

11 қаңтарда Маңғыстау облысының сайтында "Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы қонақ үй кешені" жобасы. Қоршаған ортаға әсерін бағалау" атты құжат жарияланған. Қонақ үй жобасы туралы құжатқа сүйенген белсенділер билік қоғамды алдарқатып отыр деп санайды.

— Құрылысты әрірек салады деп бізді алдарқатып қойды. Шын мәнінде [шатқал мен қонақ үй жобасы] арасы 4-ақ шақырым. Олар қоршаған ортаға әсерін бағалау туралы құжат пен бас жоспар жобасын жариялаған, бірақ сызбада шатқалдың қай жерде, Бозжыраның көрнекті орындарының өзі қайда тұрғаны белгісіз. Ол жақта біз болғанбыз, сол себепті арасы - 4 шақырым деп айта аламыз, нысан бәрібір барлық нүктесінен көрінеді, - деді Жандосова.

Құжатқа сүйенсек, Бозжырада қонақ үймен қатар тікұшақ қонатын алаң, кофейня, шәйхана, дүңгіршек, фитнес-зал, спорт тауарлары дүкені, ат қора, ашық бассейн, SPA, термобассейн орналаспақ.

Жандосова жобада "артық нәрселер өте көп" дейді.

— Мысалы, бассейн, мейрамханалар, барлар, ат қора. Бұл шөлейт дала, сонысымен көрікті. Адамдар бұл жаққа адам аяғы аттамаған табиғатты көру үшін келеді. Енді сұрақ: кім жобаға оң баға берді, кім жоба керемет деп жазды? Біз яғни, экологтар, белсенділер, жергілікті туристік агенттіктер жартасқа жақын ештеңе салуға болмайды деумен келеміз, —деді Жандосова.

Әкімдік сайтында сонымен бірге қоғамдық тыңдау өтетіні жайлы хабар да жарияланған. Белсенділер оны ұйымдастырушылар коронавирусты сылтауратып оған барғысы келетіндердің көбін кіргізбеуі мүмкін деп қауіптенеді.

12 желтоқсанда экология министрі Twitter-де инвестор-компаниялардың өкілдері құрылыс салатын орынды "қайта қарастыруға дайын екенін" және Бозжырамен қатар тұрған Жабай ұшқан қорықшадан тыс аумақты таңдауға әзір екенін жазды.

Экология министрлігі Азаттыққа жоба құжаттарымен байланысты сұрақтарға Маңғыстау облысы әкімдігі жауап береді деді. Аймақ басшылығынан жауап алу мүмкін болмады.

  • Былтыр қарашада Бозжыра шатқалы маңында құрылыс техникалары пайда болғаны жайлы ақпарат тараған соң қоғамда наразылық туындаған. Маңғыстау облысы әкімдігі "құрылыс жұмыстары басталмағанын", бірақ қонақ үй салу жоспары барын мәлімдеген.
  • 17 қарашада қоғамдық белсенділері президент пен Маңғыстау облысы әкіміне ашық хат жазып, шатқал маңына қонақ үй салмауды талап етті.
  • Сол күні Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісінде "қоғам наразылығына байланысты" президент "жобаны қайта қарауды тапсырғанын" жазды. Кейін Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымов қонақ үй Бозжырадан бір-екі километр жерге салынатынын мәлімдеді. Белсенділер отельді Бозжырадан 20 шақырым жерге салуды талап еткен еді.
  • Экологтар Бозжыра шатқалын сақтап қалу үшін оны ЮНЕСКО мұраларының тізіміне және Үстірт қорығының құрамына кіргізу қажеттігін айтқан. Азаттық сұрағына жауап берген экология министрі "Бозжыраны қорық аумағына кіргізу жоспарда жоқ" деді.
  • Бұл қонақ үйді Ақтаудағы Rixos Water World отелін салған компания салуы тиіс. Rixos отельдер холдингінің иесі – түркиялық бизнесмен Феттах Таминджи. Ол – түркиялық ықпалды кәсіпкерлердің бірі.

Зерттеу: Назарбаев пен дәулетті түрік бизнесменін не байланыстырады?

Назарбаев пен дәулетті түрік бизнесменін не байланыстырады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:11:57 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG