27 қаңтарда Жаңаөзендегі бір топ мұнайшының ата-анасы әділ сот үкімін талап етіп, Нұр-Сұлтандағы жоғарғы сот ғимаратының алдына жиналды. Жаңаөзен соты олардың жақындарын "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды", "оның жұмысына қатысты", "заңсыз қару-жарақ сақтады" деп бірнеше баппен айыптап, 5-20 жылға дейін бас бостандығынан айырған.
Сот үкімі 13 қаңтарда шыққан. Нұр-Сұлтанға келгендер екі айға созылған сот процесінде қанша дәлел, факті келтіргенмен бірде-біреуінің ескерілмегеніне, ал іске қатысушы прокурордың заң бұзушылыққа жол бергеніне шағымданды.
Сотталғандар арасында жаңаөзендік Айман Егізбаеваның екі ұлы Төлеген және Дәурен Егізбаевтар бар. Сот оларды 16-17 жылға соттап, жазасын өте қатаң режимдегі колонияда өтеу туралы үкім шығарған.
- Соттың бәрі "мынау естіді", "анау естіді" деген "айғақтар" негізінде шықты. "Бүркеншік" етіп он адамды куәлікке тартты. Солардың бәрі кейін өздеріне қысым жасағандықтан жалған куәлік беруге мәжбүр болғандарын айтып арыз жазып берді. Ол қолымызда. Сотталғандарға 11 жылдан 20 жылға дейін жаза кесті. Бұл сұмдық қой. Біз Еуропарламент, БҰҰ бәрін шағымданамыз. Біз баламызды бұл жүйеге жем етпейміз, - деді Айман Егізбаева.
2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасының қатысушысы Самат Қойшыбаевты сот "ұйымдасқан қылмыстық топтың жұмысына қатысты", "бұзақылық жасады", "заңсыз қару сақтады, пайдаланды" деп айыптап 18 жылға абақтыға қамаған. Оның анасы Зияда Өтебекова да сот үкімімен келіспейді.
- Сотталғандардың дені Жаңаөзендегі кез келген жиындарда өз ойларын айтып жүргендер. Олар белсенді болып көзге түспегенімен, қаланың әлеуметтік мәселесіне қатысты пікірлерін жасқанбай айта алады. Сондықтан елдің аузын жабамыз деп бұларды құрбандық етіп отыр. Саясат үшін жасалған әрекет. Әйтпесе, бұзақылық жасап, қылмыстық топ құратындай емес, сотталушылардың көбі - мұнайшылар, жақсы жалақы алады, -дейді Зияда Өтебекова.
Бұдан соң жиналғандар жоғарғы сот ғимаратының ішіне кіріп, шағымдарын тапсырды.
2019 жылы 29 шілдеде Жаңаөзенде ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігі бірлесіп "қаруланған қауіпті қылмыстық топты ұстау" операциясын өткізіп, 17 адамды ұстаған. Оларға адам ұрлау, ақша бопсалау, заңсыз есірткі сақтау, қару-жарақ сақтау сияқты ауыр баптар бойынша айыптар тағылды.
Аманқос Әбдіқадыров – 20 жылға, Самат Қойшыбаев -18 жылға, Төлеген Егізбаев - 17 жылға, Дәурен Егізбаев – 16 жылға, Қалдыбек Тілепиев – 9 жылға, Нұрлан Нұржанов, Серік Ешманов әрқайсысы - 5 жылға, Серік Қыстаубай – 4 жылға, Ыхылас Тоқмұрынов – 3,6 жылға сотталса, Ғабит Әбішбаев, Батырбек Сүйіндіков, Қиян Абылайдың бас бостандықтары 3,5 жылға шектелген.
ПІКІРЛЕР