Accessibility links

Полиция бір күнде Навальныйдың кемінде 15 жақтасының пәтерін тінтті


Полицияның Алексей Навальный және жақтастарының пәтерін тінтіп жатқан сәті. 2015 жыл.

Сәрсенбі күні Мәскеу полициясы және тергеу комитеті қамауда отырған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың кемінде 15 жақтасының пәтерін тінтті.

Полиция Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш, Жемқорлықпен күрес қорының бөлім жетекшісінің орынбасары Георий Албуров, Навальныйдың Мәскеудегі штаб жетекшісі Олег Степанов, штаб еріктісі Елизавета Нестерова, Степановтың әкесінің пәтерін тінткен. Тергеу амалдарына қатысу үшін уақытша қамау изоляторынан Ярмыш, Албуров және Степанов әкелінген. Олар 23 қаңтар күнгі рұқсат етілмеген шараға қатысқаны үшін әкімшілік қамауға алынған.

Полиция Навальный тұрақты тіркелген мекенжайда орналасқан пәтер мен әйелі Юлия Навальныйдың пәтеріне де тінту жүргізген. Навальный LIVE арнасының студиясы мен заңгер Любовь Собольдің пәтерінде де тексеріс болған. Кейінірек Любовь Соболь санитарлық тәртіпті бұзу бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында күдікті ретінде 48 сағатқа ұсталған. Бұл іс бойынша Алексей Навальныйдың туған бауыры Олег Навальный да ұсталған. Оларға жақын арада бұлтартпас жазасын қолдану туралы шешім шығады.

Бұған қоса, тағы көптеген депутат пен саясаткер, белсенділер үйінде тінту болған. Полиция барлық жерден техника мен электронды құрылғыларды тәркілеген.

Жемқорлықпен күрес қорының хабарлауынша, тінтулердің басым бөлігі Алексей Навальныйды қолдау митингісінен кейін қозғалған санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзу ісімен байланысты. Қылмыстық кодекс бабында бұл бап бойынша 2 жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасы қарастырылған.

Навальный жақтастары тінту бейсенбі күні де жалғасады деп отыр. Осы аптада Мәскеу соты тінту жүргізу туралы 28 қаулы шығарған.

  • 23 қаңтарда Ресейдің ондаған қаласында қамауда отырған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды қолдау акциясы өткен. Билік шараны өткізуге рұқсат бермеді. Бірақ соған қарамастан Навальный штабының есебінше, наразылыққа шамамен 250 мың адам шыққан. Мәскеу, Санкт-Петербург, Владивостокта наразылар мен құқық қорғау органдары арасында қақтығыс болды. 3,5 мыңнан астам адам ұсталды. 1,5 мыңы Мәскеуде ұсталған.
  • Тергеу комитеті шеруге қатысқандардың үстінен 20-дан астам қылмыстық іс қозғады. Оларға "полицейлерге күш қолданды", "жаппай тәртіпсіздікке шақырды", "бұзақылық жасады", "кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекетке тартты", "жолды жапты", "санитарлық ережелерді бұзды" деген айыптар тағылды. Бүкіл аймақта Навальный жақтастары ұсталып, пәтерлеріне тінту жүргізілді.
  • Навальный штабы 31 қаңтарда тағы наразылық өтетінін хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG