28 қаңтарда Атырау соты УГ-157/9 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтық белсенді Макс Боқаевтың осы түрмедегі лауазымды тұлғалардың әрекетін заңсыз деп тану туралы арызын онлайн режимде қарады. Сот шешімі жұма күні шығуы тиіс.
19 қаңтарда Атыраудың №2 қылмыстық соты түрмеде аяқ асты интернет байланысы болмай қалғандықтан, Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) Макс Боқаевқа үш жыл әкімшілік қадағалау тағайындау туралы өтінішін абақтыда қараған. Сот отырысын байланыс қалпына келген уақытқа кейінге қалдыруды сұраған Боқаевтың өтінішін судья қанағаттандырудан бас тартқан. Содан соң Боқаев пен оның адвокаты Жанар Сүндетқалиева судьяны ауыстыру туралы арыз беріп, онысы да қолдау таппаған. Кейін сот Боқаевқа әкімшілік бақылау тағайындау туралы шешім шығарды.
Мұнымен келіспеген Макс Боқаев "абақтыда интернет байланысы болмай тұр" деген түрменің лауызымды тұлғаларының әрекетін заңсыз деп тану туралы шағым түсірді.
Белсендінің айтуынша, ашық сот отырысына құқық қорғаушылар, бақылаушылар мен журналистер қатыса алмағандықтан, оның құқығы бұзылған.
"Мен саяси қуғынға ұшыраған сотталушымын, отырысқа бақылаушылар қатыса алмауы үшін бұл – әдейі жасалған әрекет деп санаймын" деді Макс Боқаев.
Судья Зәуре Қазақбай тараптарды тыңдап, сот шешімінің жұма, 29 қаңтар күні айтылатынын мәлімдеді.
Сотта УГ-157/9 мекемесінің өкілі Тәженов абақтыда интернеттің 18-26 қаңтар аралығында болмағанын, ол туралы акт толтырылғанын айтты. Алайда түрме басшылығы Интернет байланысыныс қамтамасыз ететін "Қазақтелеком" компаниясына бұл жөнінде ресми хатты 28 қаңтарда ғана жөнелткен.
Адвокат Жанар Сүндетқалиева құжаттарды зерттеу барысында 19 қаңтар күні түрмеде интернет байланысы болғаны анықталды деді. Оның айтуынша, сол күні түрмедегі сотталушылармен бірнеше онлайн сот процесі өткен. Судья Зәуре Қазақбайдың да сол түрмедегі сотталушымен процесі болған. Боқаев ісі қаралар кезде Интернеттің неге болмай қалғаны түсініксіз.
Макс Боқаев 19 қаңтар күні өзіне қатысты сот болатынын білген анасының отырысты күткенін, онымен тіпті таксофон арқылы да сөйлесе алмағанын айтты.
– Заңнан хабарым бар менің өзім осындай күйге түскенде, шағым жазуды да білмейтін сотталушылар құқығы туралы айтпасақ та болады, – деді ол Азаттық тілшісіне.
48 жастағы Макс Боқаев 2016 жылғы қарашадан бері түрмеде отыр. Бес жыл бұрын, 24 сәуірде Атырауда мыңдаған адам алаңға жиналып, жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдірген. Атырауда басталған наразылық кейін елдің басқа аймақтарында да жалғасып, билік жерді шетелдіктерге жалға беруге уақытша мораторий жариялаған.
Жер реформасына қарсы митингіден соң оған қатысқан атыраулық белсенділер – Макс Боқаев пен Талғат Аян бес жылға сотталды. Олар "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деп айыпталды. Сот 2018 жылы сәуірде Аянның өтініші бойынша оны қамаудан босатқан. 2019 жылғы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты. Макс Боқаев "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін" мәлімдеген.
АҚШ конгресінің 12 сенаторы 2020 жылдың 29 маусымында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, "сөз еркіндігі мен жиналу еркіндігі құқығын пайдаланғаны үшін" сотталған белсенділер мен адам құқығын қорғаушыларды дереу түрмеден босатуды сұраған. Сенаторлар хатында азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Әсет Әбішевті атап көрсеткен. Әбішев Қазақстан сотының шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылған, Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдады деп 4 жылға сотталған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар оларды "саяси тұтқын" тізіміне қосқан, ал ресми билік елде саяси тұтқын жоқ деумен келеді.
17 желтоқсанда Азаттыққа берген сұхбатында Макс Боқаев "Түрмеден шыққан күні алаңға барамын" деген.
ПІКІРЛЕР