Accessibility links

Атырау соты Макс Боқаевтың арызын қанағаттандырмай тастады


Белсенді Макс Боқаев пен адвокат Жанар Сүндетқалиева УГ-157/9 мекемесінен онлайн сотқа қатысып отыр. Атырау облысы, 28 қаңтар, 2021 жыл. Экраннан түсірілген.
Белсенді Макс Боқаев пен адвокат Жанар Сүндетқалиева УГ-157/9 мекемесінен онлайн сотқа қатысып отыр. Атырау облысы, 28 қаңтар, 2021 жыл. Экраннан түсірілген.

29 қаңтарда Атырау қалалық №2 соты азаматтық белсенді Макс Боқаевтың УГ-157/9 мекемесінің лауазымды тұлғаларына қатысты арызын негізсіз деп танып, қанағаттандырмай тастады.

Істі жүргізген судья Зәуре Қазақбай Атыраудағы Макс Боқаев жазасын өтеп жатқан УГ-157/9 мекемесінде 18-26 қаңтар арасында Интернет желісінің болмауына мекеме әкімшілігінің кінәсі жоқтығын, оған Интернет желісіне жауапты "Қазақтелеком" АҚ жауапты екенін, бірақ оны зерттеу аталған істің шеңберіне кірмейтінін айтты.

– Арызды қарап, тараптардың пікірлерін тыңдап, сотқа түскен материалды зерттеу барысында сот Макс Боқаевтың мүддесі мен құқын шектейтін заңсыз әрекетке негіз тапқан жоқ. Сол себепті сот шағымды қанағаттандырудан бас тартты, – деді судья Зәуре Қазақбай.

Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ. Оған он бес күнге дейін апелляциялық шағым түсіруге болады.

Макс Боқаев 19 қаңтар күні өзіне қатысты сот болатынын білген анасының отырысты күткенін, онымен тіпті таксофон арқылы да сөйлесе алмағанын айтқан. Ал судьяның сөзінше, Макс Боқаев туған-туысымен желтоқсан айынан бері сегіз мәрте видео арқылы хабарласқан. "Ол тек 22 қаңтарда ғана бір рет туысымен видеобайланысқа шыға алмай қалған" деді судья.

19 қаңтарда Атыраудың №2 қылмыстық соты түрмеде аяқ асты интернет байланысы болмай қалғандықтан, Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) Макс Боқаевқа үш жыл әкімшілік қадағалау тағайындау туралы өтінішін абақтыда қараған. Сот отырысын байланыс қалпына келген уақытқа кейінге қалдыруды сұраған Боқаевтың өтінішін судья қанағаттандырудан бас тартқан. Содан соң Боқаев пен оның адвокаты Жанар Сүндетқалиева судьяны ауыстыру туралы арыз беріп, онысы да қолдау таппаған. Кейін сот Боқаевқа әкімшілік бақылау тағайындау туралы шешім шығарды.

Мұнымен келіспеген Макс Боқаев "абақтыда интернет байланысы болмай тұр" деген түрменің лауызымды тұлғаларының әрекетін заңсыз деп тану туралы шағым түсірді.

Белсендінің айтуынша, ашық сот отырысына құқық қорғаушылар, бақылаушылар мен журналистер қатыса алмағандықтан, оның құқығы бұзылған.

"Мен саяси қуғынға ұшыраған сотталушымын, отырысқа бақылаушылар қатыса алмауы үшін бұл – әдейі жасалған әрекет деп санаймын" деді Макс Боқаев.

Адвокат Жанар Сүндетқалиева құжаттарды зерттеу барысында 19 қаңтар күні түрмеде Интернет байланысы болғаны анықталды деді. Оның айтуынша, сол күні түрмедегі сотталушылармен бірнеше онлайн сот процесі өткен.

48 жастағы Макс Боқаев 2016 жылғы қарашадан бері түрмеде отыр. Бес жыл бұрын, 24 сәуірде Атырауда мыңдаған адам алаңға жиналып, жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдірген. Атырауда басталған наразылық кейін елдің басқа аймақтарында да жалғасып, билік жерді шетелдіктерге жалға беруге уақытша мораторий жариялаған.

Жер реформасына қарсы митингіден соң оған қатысқан атыраулық белсенділер – Макс Боқаев пен Талғат Аян бес жылға сотталды. Олар "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деп айыпталды. Сот 2018 жылы сәуірде Аянның өтініші бойынша оны қамаудан босатқан. 2019 жылғы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты. Макс Боқаев "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін" мәлімдеген.

АҚШ-тың 12 сенаторы 2020 жылдың 29 маусымында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, "сөз еркіндігі мен жиналу еркіндігі құқығын пайдаланғаны үшін" сотталған белсенділер мен адам құқығын қорғаушыларды дереу түрмеден босатуды сұраған. Сенаторлар хатында азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Әсет Әбішевті атап көрсеткен. Әбішев Қазақстан сотының шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылған, Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдады деп 4 жылға сотталған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар оларды "саяси тұтқын" тізіміне қосқан, ал ресми билік елде саяси тұтқын жоқ деумен келеді.

17 желтоқсанда Азаттыққа берген сұхбатында Макс Боқаев "Түрмеден шыққан күні алаңға барамын" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG