Accessibility links

Janssen екпесінің бір дозасы сынақ кезінде 66 пайыз тиімділік көрсетті


Бельгиялық Janssen (Johnson & Johnson брендіне тиесілі) компаниясы жасап жатқан коронавирусқа қарсы екпесінің бір дозасы сынақ кезінде 66 пайыз тиімділік көрсеткен. Бұл туралы 29 қаңтарда компания хабарлады.

Janssen фармацевтикалық компаниясының мәліметінше, халықаралық сынаққа қатысқан 44 мыңдай адамның ішінде ешкім ауруханаға түспеген, қайтыс болғандар да жоқ. Сынаққа қатысқан 468 адамға вирус жұққан.

Компания екпенің бір дозасының өзі коронавирустан жақсы қорғайды деп мәлімдеді. Қазір Janssen екі дозаның қаншалықты тиімді болатынын тексеріп жатыр. Бірақ бұл вакцина Оңтүстік Африка мутациясына қарсы тиімділігі сәл төмен – 57 пайыз.

Janssen биыл бір миллиард доза шығаруды жоспарлап отыр. АҚШ бұл компанияға алдын ала 100 миллион дозаға, Канада 38 миллион дозаға, Ұлыбритания 30 миллион дозаға тапсырыс беріп қойған.

29 қаңтарда АҚШ-тың Novavax компаниясы дайындап жатқан екпесінің Ұлыбританиядағы сынағы 89,3 пайыз тиімділік көрсеткенін мәлімдеді. Сынақтың үш кезеңінен кейін бұл екпе вирустың ұлыбританиялық мутациясынан да қорғай алатынын көрсеткен. Үшінші сынақ кезеңіне 18-84 жастағы 15 мың адам қатысқан. Сынақ екпесін алғандардың 27 пайызы – 65 жастан үлкен адамдар. Novavax екпесі екі дозадан тұрады. Бұл вакцина Оңтүстік Африка мутациясына қарсы 60 пайыз тиімділік көрсеткен.

Әлемде Janssen мен Novavax екпесі үшінші сынақ кезеңінен өтіп, нәтижесін ресми түрде жариялаған бес вакцинаның қатарына енді. Бұған дейін Pfizer/BioNTech (АҚШ/Германия), Moderna (АҚШ), Oxford/AstraZeneca (Ұлыбритания) екпелері сынақ кезінде жоғары тиімділік көрсеткен. Бұл үш екпе әлемнің біраз елінде, соның ішінде АҚШ пен Еуропада мақұлданып, халыққа салынып жатыр.

  • Pfizer/BioNTech екпесінің тиімділігі 95 пайыз деп хабарланды. Екінші дозаны 21 күні салу керек. Вакцинаны -70 градуста сақтау керек. Бұл – екпенің ең үлкен минусы. Pfizer/BioNTech екпесін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған.
  • Moderna вакцинасының тиімділігі 95 пайыз деп жарияланды. Екінші дозаны 28 күні салу қажет. Екпені -20 градуста 6 апта сақтауға болады.
  • Oxford/AstraZeneca вакцинасының тиімділігі 62-90 пайыз деп жарияланды. Екінші дозаны 4-12 аптаның ішінде салу қажет. Екпені қолданыстағы тоңазытқышта, 2-8 градус салқында сақтау керек.

Бұдан бөлек, Ресейдің "Спутник V" екпесі де бірнеше елде халыққа жаппай салынып жатыр. Бұл вакцинаның үшінші сынақ кезеңінің нәтижесі жарияланбаған. Бірақ Ресей билігі желтоқсанда "Спутник V" екпесінің 92 пайыз тиімділік көрсеткенін хабарлаған. Қазақстан билігі 1 ақпаннан бастап халыққа "Спутник V" екпесін салмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG