Accessibility links

Иран БҰҰ-ның ескертуіне қарамастан, белудж ұлтының өкілін дарға асты


Ирандағы белудж ұлтының өкілі Жавид Дехкан.
Ирандағы белудж ұлтының өкілі Жавид Дехкан.

Біріккен Ұлттар Ұйымының "өлім жазасын орындауды тоқтату туралы" өтінішіне қарамастан, Иран билігі қауіпсіздік қызметкерлерін өлтірді деп айыпталған белудж ұлтының өкілін 30 қаңтарда дарға асты. Иран соты ресми вебсайтының хабарлауынша, Жавид Дехкан бес жыл бұрын Систан-Белуджистан аймағында "Ислам революциясы сақшылары корпусының" екі мүшесін өлтіргені үшін айыпты деп танылып, өлім жазасына кесілген, үкім дарға асу жолымен орындалды.

Сайтта Дехкан сунниттердің "Жаиш әл-Адл" (Әділдік армиясы) қарулы тобының басшысы деп сипатталған.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Иран басшылығын Дехканның және өлім жазасына кесілген басқа да адамдардың үкімін орындауды тоқтата тұруға, ол істерді "адам құқықтары заңдары аясында қайта қарауға" шақырып келген. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары (OHCHR) 29 қаңтарда Twitter парақшасында осындай үндеу жариялаған.

Онда "Біз желтоқсанның ортасынан бері көп адамның (кемінде 28 адам), соның ішінде аз ұлттар өкілдерінің, өлім жазасы үкімін орындау әрекетін қатаң сынға аламыз" делінген.

БҰҰ мәліметі бойынша Дехкан "[адамдарды] өмірі мен мүлкінен айырып, үрей тудыру мақсатында қолына қару алғаны үшін" 2017 жылы өлім жазасына кесілген.

Халықаралық Amnesty International ұйымының дерегі бойынша, Иран өлім жазасын орындау көрсеткіші бойынша әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында.

Amnesty International Иран соттарын "азаптау" арқылы мойындату және қуғын-сүргін әдісімен айыптау үкімдерін шығарады деп айыптайды.

Құқық қорғау ұйымы "Amnesty International Иран басшылығын үкімі орындалған Жавид Дехканның ісі сияқты адам құқықтарын өрескел бұзу әрекеттерін көбейтпеуге шақырады" деген мәлімдеме жасады.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, "Жайд әл-Адл" тобы Иранда соңғы бірер жылда бірнеше жарылыс ұйымдастырып, кісі ұрлаған.

Шетелде тұратын белсенділер соңғы уақытта Иранда белудж ұлтының өкілдерін өлім жазасына кесу және үкімді орындау фактілері жиілеп кетті деп дабыл қақты.

Еуропадағы "Белудж белсенділерін қолдау" тобының басшысы Абдолла Ареф екі айдың ішінде белудж ұлтының 16 өкілі дарға асылғаны туралы ақпарат бар екенін мәлімдеді.

БҰҰ Адам құқықтары комиссарының баспасөз хатшысы Равина Шамдасаридің айтуынша, Иран желтоқсанның ортасында саны аз ұлт өкілдеріне қысымды күшейткен, "әсіресе күрд, ахвази араб және белудж ұлттары нысанаға ілінген".

Белудждар –Иранның оңтүстік-шығысын мекендейтін, көшпелі дәстүрді сақтап қалған халық. Парсы тобына жататын өз тілі бар бұл халық Исламның ханафи мазхабын ұстанады. Белудждар Иран, Пәкістан, Ауғанстан, БАӘ және Оманда өмір сүреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG