Accessibility links

Ақтөбе облысындағы "АМК мұнай" жұмысшылары ереуілін тоқтатты


"AMK Мұнай" компаниясының жұмысшылары ереуілдетіп тұр. Ақтөбе облысы, 29 қаңтар
"AMK Мұнай" компаниясының жұмысшылары ереуілдетіп тұр. Ақтөбе облысы, 29 қаңтар

31 қаңтар күні Ақтөбе облысы Бәшенкөл кенішіндегі "АМК Мұнай" жұмысшылары ереуілді тоқтатып, тараптар келісімге келген. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімдігі хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, ереуіл басталған 29 қаңтар күні "АМК Мұнай" компаниясының басшылары мұнайшылар жалақысын 7 пайызға көбейтуді ұсынған. Ереуілшілер оған келіспеген. Ереуілдің екінші күні, яғни 30 қаңтарда мұнайшылар мәселесі облыс әкімдігінде өткен арнайы штаб отырысында талқыланған.

– Әкімдіктегі жиыннан кейін "АМК Мұнай" компаниясы әр жұмысшының жалақысына ақпан айынан бастап 40 000 теңгеден қосуға келісті. Компания Наурыз мерекесі кезінде жұмысшыларына 50 пайыз сыйақы беретін болды. Мамыр айынан бастап "АМК Мұнай" компаниясының қызметкерлерімен жаңа еңбек келісімшарты жасалады. Жаңа келісімшарт жасаған кезде облыстың мұнай саласындағы орташа жалақыны ескеріледі, – делінген әкімдік хабарламасында.

"Айлығымыз 67 мың теңге". Ақтөбе облысында тағы бір компанияның мұнайшылары ереуілге шықты, 29 қаңтар 2021 жыл.

"Айлығымыз 67 мың теңге". Ақтөбе облысында тағы бір компанияның мұнайшылары ереуілге шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:50 0:00

Әкімдік хабарламасында облыстың мұнай саласындағы орташа жалақы көлемін көрсетілмеген. Кей мәліметтерге қарағанда, жұмысшылары ереуіл өткізіп жатқан Темір ауданындағы мұнай мекемелерінде орташа жалақы 240-260 мың теңге аралығында.

Бәшенкөлдегі кеніш Оңтүстік Кореяның мемлекеттік ұлттық (Korea National Oil Corporation, KNOC) корпорациясына қарасты ADA Oil қазақ-кәріс бірлескен кәсіпорнына тиесілі. ADA Oil Бәшенкөлдегі мұнай өндірісін мердігер компания "АМК Мұнайға" тапсырған.

Бәшенкөл кенішінде мұнайшылар ереуілінің тоқтағанын Азаттыққа "АМК Мұнай" компаниясының жұмысшылары да растады. Аты-жөнін атамауды өтінген мұнайшының сөзіне қарағанда, "АМК Мұнай" мен ADA Oil арасындағы алты жылға жасалған контракт сомасы елдегі инфляцияны ескеретіндей етіп жасалған. Келісімге сай, былтыр Қазақстандағы инфляция деңгейі 7,5 пайыз болса, "АМК Мұнай" қызметкерлерінің жалақысы да 7,5 пайызға өскен. Мұнайшылар мұның жеткіліксіз екенін айтады.

Бәшенкөлдегі кеніш иесі ADA Oil мен мердігер "АМК Мұнай" компаниясы арасында 2024 жылға дейін жасалған контракт мамыр айына дейін бұзылып, қайта жасалуы керек. "Сол кезде жалақымыз тағы да өседі. Қазір кеніш басындамыз. Жұмысқа 31 қаңтар күні 16:00 шамасында кірістік" дейді мұнайшы.

Әкімдік Көкжиде кенішіндегі "КМК Мұнай" компаниясының 25 қаңтардан беріереуілдетіп тұрған жұмысшыларымен әлі де келіссөз жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Көкжидедегі кеніш "КМК Мұнай" компаниясына тиесілі. Бұл компанияға Қытайдың CNPC деп аталатын ірі мемлекеттік компаниясының еншіліс кәсіпорны – "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамы тең иелік етеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG