Ақтөбе облысының Көкжиде кенішіндегі "КМК Мұнай" компаниясының жұмысшылары да ереуілді тоқтатып, 31 қаңтарда сағат 21:00-де түнгі ауысымға кірісті. Бұл туралы Азаттыққа жұмыс берушіден жалақыны 100 пайыз көбейтуді талап етіп, 7 күн бойы ереуілге шыққан мұнайшылар хабарлады.
- Ереуілшілер "КМК Мұнай" басшысы Ван Цзиньбаоға төрт түрлі талап қойған еді. Талабымыз түгел орындалатын болды. Экологиялық төлемдер мен тарифтік разрядты қоса есептегенде 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап "КМК Мұнай" жұмысшылары 220-260 мың теңге аралығында жалақы алуы керек. Басшыларымыз "ереуілшілер қудаланбайды, жуырда Саркөл ауылынан жатақхана құрылысы басталады" деп уәде берді. Бұған дейін Көкжиде кенішіне жақын Саркөл, Шұбарши, Кеңқияқ ауылының тұрғындары 15 күн бойы вахталық әдіспен жұмыс істейтін. 10 ақпаннан бастап аталған үш ауыл тұрғындарын үйінен кенішке таситын арнайы автобус бөлінбек. Ендігі мәселе - кәсіподақ ұйымын қайтадан сайлау. Ол өз арамызда шешілетін шаруа, - дейді ереуілшілердің бірі Жасұлан Мерғалиев.
Көкжиде кенішіндегі 7 күнге созылған ереуілден соң тараптардың мәмілеге келгенін Ақтөбе облысының әкімдігі де растады. Әкімдіктен жолданған қысқа хабарламада "Жұмысшылар арасынан келісім комиссиясы құрылды және компания басшылығы оны талқылай отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі нәтижесінде жұмысшылардың көтерген мәселелері шешімін тапты" деп жазылған.
Дүйсенбі күні облыс әкімдігінде мұнайшылар мәселесіне байланысты брифингі өтеді.
Азаттық штаттағы 300 қызметкерінің 80 пайызы ("жұмысшы" санатындағылар) жеті күн бойы ереуілдеткен "КМК Мұнай" компаниясы басшыларымен байланыса алмады. Сондықтан жұмысшылардың тарифтік разрядын бір сатыға көтеру үшін аттестация өткізіле ме, жоқ па ол жағы әзір беймәлім. "КМК Мұнай" президенті Ван Цзиньбао Азаттық тілшісіне 27 қаңтар күні берген сұқбатында "былтыр пандемияға байланысты жұмысшыларға разряд берілмеді, аттестация да өткізілген жоқ" деген болатын.
2004 жылы құрылған "КМК Мұнай" компаниясы Ақтөбе облысындағы Көкжиде, Құмсай және Мортық кеніштерінде көмірсутек шикізатын барлау мен өндіру жұмыстарымен айналысады. Үш жүзден астам адам еңбек ететін бұл компанияға Панамада тіркелген Yukon Energy Holding S.A. компаниясы және Қытайдың CNPC деп аталатын ірі мемлекеттік компаниясының еншілес кәсіпорны – "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамы тең иелік етеді.
Көкжиде кеніші Ақтөбе облысының Темір және Мұғалжар аудандарының шетінде, Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаштан 90 километр, облыс орталығы – Ақтөбеден 230 километр қашықтықта орналасқан.
Қарай отырыңыз: Көкжиде кенішінде мұнайшылар ереуілінің төртінші күні (28 қаңтар 2021 жыл).
ПІКІРЛЕР