Accessibility links

Шымкент соты тәуелсіз кәсіподақ жұмысын тоқтату туралы шағымды қарай бастады


Жылу-энергетика кешені жұмысшылары салалық кәсіподағын басқарған Ерлан Балтабай. Шымкент, 20 наурыз, 2020 жыл.
Жылу-энергетика кешені жұмысшылары салалық кәсіподағын басқарған Ерлан Балтабай. Шымкент, 20 наурыз, 2020 жыл.

Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қала әкімдігінің отын-энергетика кешеніне қарасты салалық кәсіподақтың ("Отын-энергетикалық кешені қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы" қоғамдық бірлестігі – ред.) жұмысын уақытша тоқтату туралы шағымын қарай бастады. Жауапкер тарап соттан істі тоқтатуды сұрады. Бұл туралы сотқа онлайн қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады.

Іске судья Әсем Қапарбекова төрағалық етті. Онлайн режимде өтіп жатқан сотқа талапкер ретінде Шымкент қаласы әкімдігінің өкілі Амангелді Әбілов, жауапкер ретінде салалық кәсіподақ төрағасы Құспан Қосшығұлов, оның сенімді өкілдері Лариса Харькова, Ольга Рубахова, Жаңабек Әбішев, прокурор және әділет министрлігі мен қалалық әділет департаментінің өкілдері қатысты.

Шымкент қаласы әкімдігі сотқа берген талап-арызында 2019 жылдың қараша айынан бастап "Oil Construction Company", "West oil” және "Бозашы Транс Құрылыс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен салалық кәсіподақтың "Кәсіптік одақтар туралы" заң талаптарын сақтамағанына байланысты жұмысын тоқтату туралы хаттар түскені жазылған. Әкімдік соттан бірлестік қызметін 3 айдан 6 айға дейін тоқтатуды сұраған.

Сотта жауапкер ретінде тартылған салалық кәсіподақтың мүддесін қорғаушы заңгер Жаңабек Әбішев судьяға істі тоқтату туралы өтініш хат түсірді. Әбішевтің сөзінше, соттың әкімдік шағымын қабылдап алуының өзі заң аясына сыймайды. Өйткені, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 1-бап 3-тармағында азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңнамасы азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, қаржы, шаруашылық, жер және басқа құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды қарайды. Осы Кодекстің 277-бабында іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса тоқтатуға жататыны айтылған.

Судья өтініш хатты кеңесі бөлмесінде қарайтынын айтты.

- Соттан істі кері қайтаруды да сұрадық. Себебі салалық кәсіподақ әкімдіктің құқығын, бостандығын, мүддесін бұзған жоқ. Яғни, әкімдік бірлестіктің жұмысын тоқтатуды соттан сұрауға құқығы жоқ, - дейді ол.

Отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподағы 2015 жылыдың 26 қарашасында мемлекеттік тіркеуден өткен. Кәсіподақтың 9 облыста филиалы бар.

Қаңтар айының соңында халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстан басшылығының жылу-энергетика кешені жұмысшылары салалық кәсіподағының қызметін тоқтату әрекетін сынға алып, сотқа берген арызын қайтып алуға шақырған.

Құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін 2014 жылы қабылданған кәсіподақ туралы заңды тәуелсіз кәсіподақтар мен белсенділерге қысым жасау үшін пайдаланды деп жиі айыптайды. 2020 жылғы мамырда заңға енгізілген өзгерістер саладағы жағдайды өзгерте алмады дейді тәуелсіз сарапшылар.

Тіркеуге алудан бірнеше мәрте бас тартқан соң сот 2017 жылғы қаңтарда Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын күштеп жабу туралы шешім шығарды. Содан соң оның құрамына кірген бірнеше кәсіподақтың басшысы құқық қорғаушылар мен қоғам "саяси астары бар" деп тапқан қылмыстық істер бойынша сотталған. Солардың арасында жылу-энергетика кешені жұмысшылары салалық кәсіподағының басшысы болған Ерлан Балтабай бар. 2019 жылғы шілдеде Шымкент соты оны жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Кейін ол президенттің "рақымшылық туралы" жарлығының арқасында бостандыққа шықты. Сол жылы қазанда белсенді тағы да сотқа шақырып, 5 ай, 8 тәулікке түрме жазасына кесті. Ерлан Балтабай былтыр наурыз айында қамаудан шықты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG