Оралдағы сот жемқорлық бабымен айыпталған БҚО денсаулық сақтау басқарамасының бұрынғы басшысы Болатбек Қайыповқа қатысты қылмыстық істі қайта тергеуге жіберді. Сот прокурордың бұл өтінішін 2 ақпанда қарады.
Прокурор "істе үшінші күдікті шыққанын" айтып, істі қайта тергеуге жіберуді сұрады. Осы іс бойынша айыпталған Серік Тұрәлиев (экс-шенеунікке параны апарып берді деп күдікке ілінген жұмыссыз тұрғын) пен куәгер Саржан Бөлекова (медқұралдарды жеткізу бойынша тендер ұтқан компания жұмысшысы) сот отырысында Айдос Себепов деген адам туралы айтқан. Прокурор Себеповті "үшінші күдікті" деп санайды.
Тергеу Қайыпов медициналық құрылғы сатып алуға арналған келісімнен 10 пайыз "откат" талап еткен деп санайды.
- Өткен отырыста айыпталушы Тұрәлиев Қайыповты білмейтінін, Айдос деген адамның айтқанымен әрекет еткенін жеткізді. Куәгер Бөлекованың сөзінше, Тұралиев оған "әкімдіктегі Айдостан келдім" деген. Тұралиевтің айтқанын, Айдос Себеповтің кім екенін және іске қандай қатысы барын анықтау үшін қайта тергеуге жіберуді сұраймын, - деді прокурор Руслан Жұматаев.
Қайыповтың адвокаты Тамара Сәрсенова прокурор арызына қарсы шығып, "сот тергеу органдардың ісіндегі кемшілігін толтырмауы тиіс" деді. Оның сөзінше, іске үшінші адамның қатысы бары тергеу кезінде белгілі болған.
— Іс материалдарында Себеповке бөлек қылмыстық іс қозғалғаны туралы шешім бар, - деді Сәрсенова.
Қорғаушы Себепов осы істің аясында жауапқа тартылса, "өзін құтқару үшін Қайыповқа қарсы куәлік етеді" деп қауіптенеді.
Судья Асқар Исмаилов прокурор арызын қанағаттандырып істі қайта тергеуге жіберіп, Қайыпов пен Тұрәлиевтің қамау мерзімін ұзартты.
Қайыпов пен Тұрәлиевтің үстінен сот өткен аптада басталған.
Тергеу органдарының болжамынша, Қайыпов былтыр жазда коронавирус індетінің алғашқы толқыны кезінде медициналық жабдықтарды сатып алу бойынша жасалған келісімнен 10 пайыз – 7,8 миллион теңге "откат" алып, пайда көрген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ол кезде мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жалпы сомасы 78,2 миллион теңгеге (қазіргі доллар бағамы бойынша 185 мың доллардан астам) мониторлар сатып алған. Іс материалдарында Қайыповтың "жабдықтар жеткізіліп, құжаттарға қол қойылғаннан кейін пара алғаны" жазылған.
Қайыпов айыпты жоққа шығарады. Ол Тұрәлиевті де танымайтынын айтады. Ал Тұрәлиев Қайыповты "өмірінде үшінші рет көріп тұрғанын" жеткізген. Куәгер Бөлекова Тұрәлиев арқылы Қайыповқа ақша аударғанын айтқан.
Болатбек Қайыпов денсаулық сақтау басқармасын 7 айдан астам уақыт басқарған. Ол басқарма жетекшісі қызметіне былтыр 12 наурызда кіріскен. Қазан айында жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі Қайыпов пен "сыбайластарының" ұсталғанын айтып, қамауға алынғанын хабарлаған.
ПІКІРЛЕР