Accessibility links

Ресейде Навальный үкімінен кейін 1200-ден астам адам ұсталды


Алексей Навальный жақтастары Мәскеу орталығында тұр. 2 ақпан 2021 жыл.
Алексей Навальный жақтастары Мәскеу орталығында тұр. 2 ақпан 2021 жыл.

Мәскеу орталығында түнде Навальный үкіміне қарсылық білдірген манифестанттар мен полиция арасында қақтығыс болды, мыңға жуық адам ұсталды деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметі. Дәл осының алдында Мәскеудің Симоновский соты оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды түрмеге қамау туралы үкім шығарған. Оған 2014 жылы берілген шартты жаза 3,5 жыл түрме жазасымен алмастырылды.

Петербургте 221 адам ұсталған. Ижевск, Омбы, Челябинск, Уфа, Киров, Чебоксар, Мытищи, Краснодар қалаларында да ұстаулар болған. ОВД-Инфо мәліметі бойынша, Мәскеу уақытымен түнгі сағат 2 шамасында Ресейде ұсталғандар саны 1200-ден асқан.

Мәскеудегі Манеж алаңына сейсенбі күні кешке Росгвардия мен полиция жасақтары, арнайы техника әкелінді. Пушкин алаңы тұтас темір шарбақтармен қоршалды. Жан жағында полиция тұрды. Қала орталығындағы бірнеше метро станциясы жабылды. Аумақта мобильді интернет өшірілді.

Навальныйға үкім шыққаннан кейін оппозициялық саясаткердің штабы жақтастарын үкімге қарсылық білдіру үшін Манеж алаңына шығуға шақырды. Наразылыққа бірнеше мың адамның шыққаны хабарланды. Қала орталығында көліктер сигнал беріп жүрген.

"Настоящее время" арнасы оқиғадан тікелей эфирде хабар таратты:

Алексей Навальный 2014 жылы бірнеше ай үйқамақта болғандықтан ол жалпы режимдегі колонияда 2 жыл 8 ай болады. Сотта тараптардың үкімді апелляцияға бере алатыны айтылды.

  • Навальный былтыр тамызда Томск қаласынан Мәскеуге ұшып бара жатқанда жағдайы күрт нашарлап, Омбы қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Кейін оның уланғаны белгілі болған. Ес-түссіз жатқан Навальный Германия билігі жіберген арнайы ұшақпен Берлинге жеткізіліп, сол жақта бірнеше ай емделді.
  • Ол биыл 17 қаңтарда Германиядан Ресейге оралған еді. Ресей полициясы Навальныйды Мәскеудегі Шереметьево әуежайынан бірден ұстап әкеткен. Осы күні полиция Навальныйды күтіп алуға келген жетпіске жуық адамды ұстады.
  • 18 қаңтарда Мәскеудегі сот Навальныйды 30 күнге қамауға алды. Сотқа дейін саясаткерге адвокаты жіберілмеді. Қорғаушыларға сот болатыны жайлы отырыс басталар сәтте хабарланды. Навальный бұл жайтты "заңсыздықтың шектен шыққан сәті" деді. Сотта ІІМ өкілі Навальный шартты жазасы үшін полицияға бірнеше рет белгіленбеді деді.
  • Навальный қамауда отырғанда ол басқаратын "Жемқорлықпен күрес қоры" "Путин сарайы" атты зерттеуін жариялады. Зерттеуде Ресей президенті Путиннің Геленджикте зәулім сарайы бары айтылады.
  • 23 және 31 наурызда Ресейде мыңдаған адам Навальныйды босатуды талап етіп наразылыққа шықты. Жұрт елдегі жемқорлыққа да қарсылық білдірді. 23 қаңтардағы митингіде полиция төрт мың адамды, 31 қаңтарда 5,3 мың адамды ұстады.
  • Екі митингіден кейін Ресей билігі белсенділерге, құқық қорғаушыларға, оппозицонерлерге қарсы қырықтай қылмыстық іс қозғады. Осы істің аясында полиция қылмыстық іс қозғалғандардың үйін тінтіп, кейбірін қамауға алды.
  • Еуропарламент пен АҚШ Ресей билігінен Навальныйды босатуды талап етеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG