Accessibility links

Ақтөбедегі тәуелсіз бақылаушылар: Сайлау күнгі заңсыздықтар туралы шағымымызды сот қабылдамады


Парламент сайлауында дауыс беріп жатқан әйел. 10 қаңтар 2021 жыл.

Ақтөбеде "мәжіліс пен мәслихат сайлауы кезінде құқығымыз бұзылды" деген төрт байқаушы жергілікті соттың шағымдарын қабылдамай қойғанын хабарлады. "Мұқалмас" бірлестігінің атынан барған тағы бір байқаушы Тарбия Алмышеваның арызына орай қозғалған істі сот өндірістен қысқартып тастаған. Байқаушы Алмышева Азаттыққа сот шешімімен келіспей, 2 ақпан күні апелляциялық алқаға шағым жазғанын хабарлады.

Ақтөбе облыстық соты 1 ақпанда төрт байқаушының шағымы қабылданбағанын растады. Соттың мәліметінше, "Мұқалмас" бірлестігінің байқаушысы Тарбия Алмышеваның шағымымен қозғалған азаматтық іс "қаралу мерзімі өтіп кеткендіктен" қысқартылған. Төрт байқаушының да арызы сол себепті қабылданбаған.

- "Сайлау туралы" конституциялық заңның 20-бабының 9-тармағына сәйкес, азаматтар сайлау комиссияларының әрекеті (әрекетсіздігі) туралы сотқа 10 күн аралығында шағымдануы керек. Тарбия Алмышева қалалық сотқа арызды 26 қаңтар күні жазған. Қаралу мерзімі өтіп кеткендіктен іс өндірістен қысқартылды, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық соты.

10 қаңтарда Ақтөбедегі №557 сайлау учаскесінен "шығарылған" байқаушы Тарбия Алмышева алдымен полицияға шағым жазған. Полиция байқаушының шағымын аумақтық сайлау комиссиясына жолдаған. Алмышеваға аумақтық сайлау комиссиясы "сайлау күні заң талаптары бұзылмағанын" хабарлаған. Бұл жауапқа қанағаттанбаған байқаушы 18 қаңтар күні Ақтөбенің әкімшілік сотына шағынған. Әкімшілік соттан "азаматтық істерді қалалық сот қарайды" деп жауап алғаннан соң ғана Ақтөбе қалалық сотына барған.

- Пандемияны желеу еткен билік 10 қаңтар күні байқаушыларды учаскеге кіргізбеудің бар амалын жасады. Мен барған Ақтөбедегі №557 сайлау учаскесіне өте кең ғимарат берілген екен. Ат шаптырым учаскеден орын табылмай, екі сағаттан астам түрегеліп тұрдым. Оңайлықпен кете қоймасымды білгеннен кейін учаске төрайымы мені полицияның көмегімен күштеп шығарып жіберді. Байқаушы ретіндегі құқығымды бұзды, - дейді Тарбия Алмышева.

Қалған төрт байқаушы Самат Нұрбаев, Бағдагүл Диарова, Нелля Қуандықкерова және Мұсағали Дауылов та өздерінің сайлау учаскесінен "заңсыз шығарылғанын" айтып отыр.

10 қаңтарда Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы өткен. Сайлау күні көптеген тәуелсіз бақылаушылар сайлау учаскесіне кіргізілмеді. Ақпарат құралдарынан негізсіз ПТР тест талап етілді. Бірнеше қалада әділ сайлауды талап еткен белсенділер ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылды.

Билік сайлауда "өрескел заңбұзушылықтар тіркелмеді" деп мәлімдеді. Ал ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясы елдегі саяси науқанда "шынайы бәсеке болмады, сайлау демократиялық талаптарға сай болмады" деп бағалады. Халықаралық ұйым "Конституцияда көрсетілген еркіндіктерді жүйелі түрде шектеу сайлаушыларды шынайы таңдаудан айырды" деп мәлімдеді.

Парламент сайлауына оппозициялық партиялар қатыстыртылмады.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG