Accessibility links

"Еркіндік қанаты" үстінен қозғалған әкімшілік іс тоқтатылды


"Еркіндік қанаты" қорының логосы.

4 ақпанда Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік кірістер департаменті "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының үстінен қозғалған әкімшілік істі тоқтатты. Бұл туралы қор құрылтайшыларының бірі Роман Реймер хабарлады. Оның айтуынша, бұған дейін қор "салық есебін уақытылы тапсырмады" деп айыппұл салған аудандық басқарманың қаулысын және хаттама толтырған басқарма қызметкерінің әрекетін заңсыз деп тануды сұрап, шағым түсірген.

"Отырыс барысында хаттамаға түскен шағым қанағаттандырылмады, яғни олар басқарма қызметкері қандай да бір заң бұзды деп санамайды. Ал бізді әкімшілік жазаға тарту туралы қаулының күші "заңсыздықтардың анықталмауына" байланысты жойылды. Осылайша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс жабылды" деді Реймер Азаттық тілшісіне.

Ол үш күн ішінде қаулының қолына түсуі тиіс екенін, жай-жапсары содан кейін белгілі болатынын айтты. Бейсенбілік отырысқа Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік кірістер департаменті бастығының орынбасары Серік Мәнізоров қатысты. Ол отырыс кезінде "сіздер барлық құжаттарды тапсырғансыздар, заңсыздықтар анықталмады" деп қысқа қайырды.

Желтоқсан айында парламент сайлауы қарсаңында Есіл аудандық салық басқармасы тәуелсіз бақылаушыларды дайындаумен айналысатын "Еркіндік қанаты" ұйымына "салық есебін уақытылы тапсырмағаны үшін" 277 мың теңге (шамамен 660 доллар) айыппұл салған еді. Роман Реймер "билік сайлауды бақылауға кедергі келтіру үшін" осындай іс ашты деп санайды.

Бұған дейін салық органдары "Еркіндік қанаты" ұйымынан бөлек адам құқығы, әділ сайлау мәселелерімен айналысатын тағы бірнеше ұйымның жұмысын уақытша тоқтатып, ірі көлемде айыппұл салған. Қазір тағы бірнеше ұйымның ісі қаралып жатыр. Салық органдары олардың "қаржы бойынша есеп беру құжаттарынан қателік кеткенін" айтып, "көрінеу жалған ақпарат таратты" (Әкімшілік кодекстің 460-1 бап 2-бөлігі) деп айыптаған. Ал тәуелсіз ұйымдар тағылған айыппен келіспей, істердің саясиланғанын айтып отыр.

Қарай отырыңыз: ҮЕҰ жетекшілері салық тексерісінің саяси астары барын айтады (Қаңтар айы, 2021 жыл).

ҮЕҰ жетекшілері салық тексерісінің саяси астары барын айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:12 0:00

Үкіметтік емес ұйым өкілдері салық органдарының шешімін апелляцияға беретінін айтқан. 1 ақпанда қазақстандық Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы апелляциялық шағымды қараған судьяның "бірде-бір заңды аргумент келтірмей" өтінішті қанағаттандырудан бас тартқанын айтты.

Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары оқиғаны "бірлескен шабуыл" деп атады. Бірқатар ұйымдар үкіметтік емес ұйымдарды "қудалау мен оларға қысым көрсету кампаниясын" айыптап, Нұр-Сұлтанды қаржылық есеп беру ережелерін асыра пайдаланбауға және қысымды тоқтатуға шақырған. Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы қазақстандық мемлекеттік органдардың іс-әрекетін "репрессияшыл шаралар" деп бағалап, қатты сынаған.

3 ақпанда Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап берген қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев "мұндай тексерістер тұрақты түрде жүргізіліп келеді" деп мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

    2004 жылы Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. "КТК-7"  телеарнасында тілші  (2003-2005), "Қазақстан-Павлодар" облыстық телеарнасында редактор, шеф-редактор (2005-2013), "Астана" телеарнасы Павлодар облысындағы меншікті тілшісі (2013-2019) болып жұмыс істеген. 2019 жылдан бері Азаттықтың Нұр-Сұлтан қаласындағы тілшісі.  

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG