Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) Ресей билігінің шешімімен «шетелдік агент» деп танылған ақпарат құралдары жасаған журналистік контентті «арнайы белгілеу» туралы ережелерді бұзды деген сот шешіміне қарсылық білдіріп, Мәскеудің Тверь аудандық сотына арыз түсірді.
Медиаұйымның көзқарасы бойынша, Ресейде 2020 жылдың 30 қазанынан күшіне енген барлық платформалардағы мазмұнға белгі соғу ережесі жұмысты көп қиындатады және бұл журналистердің кәсібіне тікелей араласуға жатады. АЕ/АР осы ережені бұзды деп айыпталып отыр.
Ұйымның президенті болып жақында тағайындалған Джейми Флайдың айтуынша, «Кремль ауқымы кеңейіп жатқан аудиториямыздың еркін ақпарат алуын қиындатуға тырысып келеді. АЕ/АР Ресейде жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылса, Ресей халқы сенімді ақпараттан қағылуы ықтимал».
Ресейдің байланыс, ақпараттық технология және бұқаралық коммуникация саласын қадағалау қызметінің (Роскомнадзор) бұйрығына сәйкес, медиакорпорация журналистері әзірлеген аудио- және видеоөнімнің барлығында бас жағында ақпарат құралының «шетел агенті» екенін түсіндіретін 15 минуттық дыбыстық фрагмент немесе титр болуы міндетті. Бұған қоса, көлемі қандай болғанына қарамастан, Азаттықтың сайтындағы барлық материалдарда, әлеуметтік желідегі барлық хабарламалары мен посттарында осындай белгі болуы тиіс.
Ақпарат құралының заңгерлері жазған он беттік құжатта бұл бұйрықтың талаптары Ресей Конституциясына және БАҚ туралы заңына қайшы келетіні, елдің ақпарат құралдары нарығындағы бәсекені тарылтатыны айтылған. Апелляциялық арызда Ресейде цензураға тыйым салынғаны, ал Роскомнадзор талабы «хабарлардың мағынасын бұзып, аудиторияның оларды қабылдауына кері әсер ететіні» айтылған. «Бұл талаптарды орындау Азат Еуропа/Азаттық радиосы жобаларының материалдарына сенімсіздік пен күмән тудырады» делінген арызда.
Желтоқсан, қаңтар айларында Роскомнадзор Ресейде медиакорпорацияның мүдделерін қорғайтын «АЕ/АР» ААҚ-на осы бұйрық талаптарын бұзғаны туралы жүздеген әкімшілік хаттама жіберген. Мекеменің қазіргі жоспары бойынша, хаттамаларды толтыру наурыздың басында аяқталады, ал айыппұл көлемі жүздеген миллион рубльге жетуі мүмкін. 27 қаңтарда Мәскеудің Тверь аудандық сотының №423 учаскесінің судьясы Роскомнадзор толтырған хаттамаларды заңды деп мойындайтын алғашқы ұйғарымдарын шығарды. Азат Еуропа / Азаттық радиосы осы шешімдерге наразылық білдіріп жатыр.
Қазірге дейін «АЕ/АР» ААҚ мен оның бас директорына жалпы 7 миллион 150 мың рубль (шамамен 96 мың АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынған.
«Бұл айыппұлдар мемлекет ұйымдастырған мәжбүрлеу және қорқыту науқаны саналады, бұлар редакциялық тәуелсіздігі заңмен қорғалған медиаұйымға қарсы бағытталған» деді АЕ/АР Еуропа елдері бойынша аймақтық директоры Кирилл Сухоцкий.
Азаттық радиосы мен оның аймақтық жобалары, «Настоящее Время» телеарнасы және АЕ/АР-дың тағы бірнеше бөлімшесі 2017 жылдың соңында Ресейде «шетел агенттері» тізіміне енгіліген. Бұл санатқа кірген ақпарат құралдарының редакциялары жұмысы жайлы ерекше есеп тапсырып, материалдарын соған сәйкес белгілеп отыруы керек. АЕ/АР «шетел агенттері» туралы заң талаптарын «журналистерді қудалау әрекеті» деп таныса да, ол ережелерді орындап келеді.
- Азат Еуропа/Азаттық радиосы баспасөз бостандығына үкімет шектеу қойған 23 елге 27 тілде хабар таратады. Радио журналистиканың жоғары объективтілік стандарттарын ұстанып, цензурасыз ақпарат беруді мақсат тұтады. Ұйымның бас кеңсесі Чехия астанасы - Прагада орналасқан.
- Медиаұйым АҚШ конгресінің гранттары негізінде қаржыландырылады.
- Жақында АҚШ-тың республикашыл және демократ конгресмендері Кремль Азат Еуропа/Азаттық радиосының Ресейдегі қызметін шектеуді, журналистерін жазалауды күшейтсе, Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар салуға шақырды.
ПІКІРЛЕР