Ресей Еуропа одағының үш дипломатын "persona non grata" деп жариялап, олардан тез арада Ресей аумағынан шығуды талап етті. Бұл жөнінде жұма күні Ресейдің сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Ведомство хабарына сенсек, Швеция мен Польшаның Санкт-Петербургтегі консулдықтарының қызметкерлері, Германияның Мәскеудегі елшілігінің өкілі 23 қаңтардағы "заңсыз шараларға қатысқан". "Бұл әрекеттері орынсыз әрі олардың дипломатиялық мәртебесіне сай келмейді. Дипломатиялық қатынастар туралы 1961 жылдың 18 сәуіріндегі Вена конвенциясына сәйкес, заңсыз шараларға қатысқан дипломаттар "persona non grata" деп жарияланды" делінген министрлік хабарында. Ресей сыртқы істер министрлігі шетелдік дипмиссия өкілдерін "халықаралық құқық нормаларына қатаң бағынуға" шақырған.
Соңғы апталарда Ресейде түрмеге қамалған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды босатуды талап еткен бірнеше наразылық өтіп, мыңдаған адам қамауға алынған.
Еуроодақ Ресейді дипломаттарды шығарып жіберу туралы шешімін қайта қарауға шақырды. Франция президенті Эммануэль Макронмен бірге өткен баспасөз мәслихатында Германия канцлері Ангела Меркель Берлин мен Париж Мәскеудің бұл шешімін орынсыз деп танитынын айтты. Швеция сыртқы істер министрлігі өз дипломатиялық өкілдігі қызметкері рұқсат етілмеген шараға қатысты деген ақпаратты жоққа шығарды. Польша шешімнің күші жойылатынына үміт ететінін айтты және бұған қарымта шаралар қолданылуы мүмкін екенін ескертті.
Мәскеуде жүрген Еуроодақтың сыртқы істер ведомствосының басшысы Жозеп Боррель Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен келіссөзде Навальныйды және оны қолдау шаралары кезінде ұсталғандарды босату мәселесін тағы да көтерді.
Мұның алдында Еуроодақ Ресейдегі бейбіт шараларға қатысқан адамдардың құқықтары бұзылғанына алаңдаушылық білдірген.
ПІКІРЛЕР