Accessibility links

Ресейдегі наразылықтың фотосимволы 2 миллион рубльге сатылды


Дмитрий Марковтың танымал суреті.
Дмитрий Марковтың танымал суреті.

2 ақпан күні Мәскеу полициясының бөлімінде түсірілген, Путиннің портреті мен балаклава киіп отырған полицей бейнеленген сурет аукцион арқылы 2 миллион рубльге (шамамен 11,3 миллион теңге) сатылды. Фото авторы Дмитрий Марков түскен ақшаны наразылық кезінде ұсталғандарға көмек көрсететін құқық қорғау ұйымдарына беретінін айтты.

Марков аукционды Facebook-те өткізді.

"Достар, "Косино-Ухтомский" ішкі істер бөлімінде түсірілген суреттің автордың қолы бар жалғыз нұсқасын сатамын. Бастапқы баға – 10 000 рубль. Өз бағаңызды пікір бөліміне жазыңыз. Аукцион тәулік бойы жалғасады. Түскен ақша қақ бөлініп, "ОВД-Инфо" мен "Наразылық апологиясының" ("Апология протеста", құқық қорғау ұйымы – ред.) есепшотына жіберіледі" деп жазды фотограф.

Суретте Ресей президенті Владимир Путин портретінің түбінде балаклава киіп отырған ОМОН қызметкері бейнеленген.

Марков 2 ақпан күні Кремль сыншысы Алексей Навальныйдың "Ив Роше" ісі бойынша шартты жазасын түрме жазасына ауыстырған Мәскеу қалалық сотына барған. Полиция оны ұстап әкеткен, ол полиция бөлімінде отырып суретке түсірген. Сурет әлеуметтік желіде лезде тарап кетті.

Дмитрий Марков танымал фотограф-документалист әрі ерікті. Псковта тұрады. Ол суреттерді өзінің iPhone телефонына түсіріп, Instagram желісінде жариялайды. Көбіне Ресейдегі қалыпты, бірақ ауыр тұрмысты бейнелейді. Ол – Getty Images медиа компаниясы мен Instagram желісінен грант алған алғашқы ресейлік фотограф. Оның суреттері Нью-Йорк пен Парижде өткен көрмелерге қойылған.

Осыдан екі ай бұрын ресейлік журналист Юрий Дудь "Марков – орыс провинциясының тұрмысы" дейтін фильмі жарық көріп, фотографтың танымалдығы арта түсті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG