Accessibility links

Мұнай бағасы алғаш рет індетке дейінгі деңгейге оралды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Мұнайдың бір баррелі соңғы бір жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет 60 доллардан асты. Инвесторлар коронавирус індетінен зардап шеккен экономика күткендегіден әлдеқайда жылдамырақ қалпына келер деп үміттенеді. 8 ақпанда Брент маркалы мұнайдың бір баррелі 1,26 пайызға қымбаттап, Лондон биржасында 60,19 доллардан сатылды. Бұл былтырғы қаңтар айынан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Әлемдегі ірі мұнай импорттаушы елдердің бірі Қытайдың мұнайға сұранысы артып, пандемияға дейінгі кезеңдегідей шикізат тұтына бастаған шақта және әлем елдері коронавирусқа қарсы вакцинаны жаппай пайдаланып, мұнай өндіруші елдер шикізат көлемін шектеп өндіріп жатқан шақта мұнай бағасы өсіп отыр.

Коронавирус індеті мұнай саласын дағдарысқа ұшыратып, былтыр "қара алтын" құны нөлден төмендеп кеткен еді, мұнай қоры 1 миллиард баррельден асқан. Бірақ сәуір айында мұнай өндіру көлемін қысқартуға келіскен ОПЕК мүшелері, Ресей және өзге де мұнай өндіруші елдер 2,1 млрд баррельден асырмай мұнай өндіріп, шикізат қорының азаюына ықпал еткен.

Азия нарығында мұнайға сұраныс деңгейі "қара алтынның" бағасына әсер ететін ірі факторлардың бірі. Экономикасының ірілігі жағынан әлемде екінші орында тұрған, ірі мұнай импорттаушы Қытайдың коронавирус індетін тежей алуы экономиканың жылдамырақ жандануына мүмкіндік берді. Алайда мұнайға сұраныс деңгейі пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда әлі төмен күйде қалып отыр. Көптеген елдерде коронавируспен байланысты адам өлімі көп, бизнес карантиннен әлі зардап шегіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG