Accessibility links

Үнпарақ таратып, істі болған белсенді Шүкееваның шағымы қанағаттандырылмады


Белсенді Анна Шүкеева онлайн сотқа қатысып жатыр. 9 ақпан 2021 жыл.
Белсенді Анна Шүкеева онлайн сотқа қатысып жатыр. 9 ақпан 2021 жыл.

9 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты "адам құқығы" жайлы үнпарақ таратып, айыппұл салынған белсенді Анна Шүкееваның шағымын қанағаттандырмады. Шүкеева соттан полицейдің "заңсыз хаттама толтырғанын" айтып, құжаттың күшін жоюды сұраған болатын. Бірақ сейсенбі күні судья Гүлжан Жолдабаева "хаттама толтырған полицейдің әрекетін заңды" деп танып, өтінішті қанағаттандырмады. Хаттамаға сәйкес, белсенді 145 мың теңге (50 айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.

- Сот мені естімеді. Мен хаттамамен мүлде келіспейтінімді айттым. 489-бап, 10-тармақ менің әрекетіммен мүлде сәйкес келмейді. Бірақ судья мені естімеді, естігісі де келмеді. Енді мен айыппұлға қатысты шағым түсіруім керекпін, - дейді Анна Шүкеева Азаттық тілшісіне.

Белсенділер таратқан үнпарақ. Анна Шүкеева жіберген сурет.
Белсенділер таратқан үнпарақ. Анна Шүкеева жіберген сурет.

Оның әкімшілік жауапқа тартылуына түрткі болған оқиға 23 қаңтарда Нұр-Сұлтанда болған. Ол өзге де белсенділермен бірге көшеде "адам құқығы жайлы үнпарақ" таратып, артынша сол үшін үстінен Әкімшілік кодекстің 489-бап 10-тармағы бойынша ("Қоғамдық бiрлестiктер туралы заңнаманы бұзу, заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметіне басшылық жасау, қатысу, олардың қызметiн қаржыландыру") әкімшілік хаттама толтырылған. Олар таратқан үнпарақта адам құқығын қорғайтын бірқатар топтар мен ұйымдар және телефондары жазылған. Ертесінде Шүкееваға айыппұл салынғаны белгілі болған. Ол тағылған айыпты мүлде жоққа шығарады.

- Адамдардың құқықтары бұзылмауы үшін оларға құқықты насихаттап, құқықтық сауатын көтерген үшін адамды соттауға бола ма? Олай болса, Қазақстанды демократиялық мемлекет деп қалай айта аламыз? Мені барлық амалдармен үнімді өшіргісі келеді, - деді белсенді.

Сейсенбі күні Азаттық тілшісі Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік сотынан жауап ала алмады.

Құқық қорғаушылар бұған дейін әлеуметтік желіде 23 қаңтарда Анна Шүкеевамен қатар адам құқығы туралы үнпарақ таратқан тіркелмеген "405" тобының еріктілері Фариза Бесбаева, Семігүл Ошақбаева, Нұрлан Алтынбаевтың үстінен де 489-бап, 10 тармақ бойынша әкімшілік хаттама толтырылғанын, айыппұл салынғанын хабарлаған еді. Олардың шешімді апелляцияға беретіні де белгілі болған.

Қазақстанда белсенділер құқықтары жиі тапталатынын айтып, саяси қудалауға көп шағымданады.

Анна Шүкеева бұған дейін "полицияға күш көрсетті", "митинг заңын бұзды" деп бірнеше рет айыппұл алған. Ол Қазақстан билігі тыйым салған "Көше партиясы" қозғалысының акцияларына да жиі қатысып көзге түскен. Нұр-Сұлтан "Көше партиясын" елде "экстремистік ұйым" деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысымен байланысы бар деп танып, оның қызметіне тыйым салған. Еуропарламент екі қозғалысты да "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемдегі адам құқықтарының жай-күйіне арналған 2021 жылғы есебінде "Қазақстан президенті Тоқаев реформа жайлы уәделер бергенімен, 2020 жылы елде адам құқығы жақсарған жоқ" деп мәлімдеген.

Human Rights Watch және өзге де халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Нұр-Сұлтанды халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін орындап, адам құқықтары мен азаматтық бостандықтарды сақтауға, оппозиция мен азаматтық белсенділерді қудалауды доғаруға үнемі шақырып келеді. Қазақстан билігі елде адам құқықтары сақталып отыр деп мәлімдейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG