Түркия ұлттық ғарыш бағдарламасы аясында 2023 жылы Айға зымыран ұшырады. Бұл туралы 9 ақпанда Түркия президенті Режеп Ердоған мәлімдеді.
"2023 жылдың соңында Айға халықаралық әріптестіктің қолдауымен өзіміздің ұлттық және түпнұсқа гибридтік зымыран ұшырылады" деді Анкарада ұлттық ғарыш бағдарламасын таныстырған Ердоған.
Дегенмен президент халықаралық әріптестік мәселесінің жай-жапсарына тоқталмады. Өткен айда Ердоған Илон Масктің Tesla және SpaceX компаниясы басшыларымен ғарыш технологиясы саласында әріптестік орнату ықтималдығы жайлы келіссөз өткізген.
Ол Түркияның 10 стратегиялық мақсатты көздеп отырғанын, арасында Түркия азаматтарын ғарышқа ұшыру мақсаты да барын айтты. Ердоған Түркия өзінің стратегиялық мақсаттарына 10 жылдың ішінде жетеді деп мәлімдеді.
Түркия өткен айда америкалық SpaceX компаниясымен әріптестік орната отырып, Turksat 5A спутнигін орбитаға шығарған. Turksat 5B спутнигі 2021 жылдың екінші тоқсанында ұшырылады деп жоспарланып отыр.
"Біздің аяғымыз жерде тұрғанмен көңіліміз ғарышта. Түп-тамырымыз жерде болғанмен тармақтарымыз аспанда болады" деді Ердоған.
Түркия басшысы мемлекет "ғарыш есігін ашу үшін" халықаралық қауымдастық көмегімен айлақ салу амалын қарастырады деп атап өтті.
ПІКІРЛЕР