АҚШ президенті Джо Байден қорғаныс министрлігіне АҚШ-тың Қытайға қатысты әскери стратегиясын тез арада сараптауға бұйрық берді. 10 ақпанда Пентагонда сөйлеген сөзінде Байден сараптама АҚШ-қа Қытай мәселесі бойынша "мығым саясат жүргізуге" көмектеседі деді.
"Біз Үнді-Тынық мұхиты аймағында және әлемде бейбітшілікті сақтап, мүддемізді қорғай алу үшін Қытай тарабынан артып келе жатқан мәселелерді оңтайлы шеше білуіміз керек" деді Байден.
Сараптама барлау, технология, АҚШ-тың аймақтағы ықпалы, одақтастық, Пекинмен қорғаныс мәселелері бойынша әріптестік сияқты негізгі салаларды қамтуы тиіс.
Қорғаныс министрі Ллоид Остин 20 қаңтарда президент қызметіне кіріскеннен бері алғаш рет Пентагонға келген Байденге Пекинге қатысты әскери стратегияны қарастыру үшін жаңа жұмыс тобы құрылғанын айтты. Жұмыс тобы төрт ай ішінде талдаулары мен рекомендациясын әзірлеп үлгеруі тиіс. Байден Пентагон сараптамасымн қос партия өкілдері, АҚШ одақтастары мен өзге де әріптестер мақұлдауы тиіс деді.
ПІКІРЛЕР