Accessibility links

Алматыда оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алды


Оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алған топ зират басында марқұмның әруағына құран бағыштап жатыр. Алматы, 11 ақпан 2021 жыл.
Оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алған топ зират басында марқұмның әруағына құран бағыштап жатыр. Алматы, 11 ақпан 2021 жыл.

11 ақпанда Алматыда бір топ адам мемлекет қайраткері, оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының зиратының басына гүл қойып, марқұмның әруағына құран бағыштады. Осыдан 15 жыл бұрын ақпан айында саясаткерді екі көмекшісімен бірге ұрлап әкетіп, атып өлтірген. Марқұмның туыстары мен серіктері қылмыстың құпиясы әлі толық ашылған жоқ деп санайды.

– Алтынбектің жоғы күнде сезіледі. Оның өліміне кімнің кінәлі екені ресми түрде айтылмағанмен кімнің жауапты екенін бәрі біледі. Біз кінәлілердің жазаланғанын қалаймыз. Бұл кек алу емес, біз тек әділдіктің орнағанын қалаймыз, - деді зират басында марқұмның бауыры қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы.

11 ақпанда Азаттықтың Алтынбек Сәрсенбайұлы қазасы жайлы деректі фильмі жарық көрді.

Деректі фильм: Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы. Қастандықтың артында кім тұр?

Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы. Қастандықтың артында кім тұр?
please wait

No media source currently available

0:00 1:24:02 0:00

Фильмде 90-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында ақпарат министрі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы сияқты түрлі ірі лауазымды қызмет атқарып, кейінірек оппозицияға қосылған Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси қайраткерлік жолы, бірінші президент Назарбаевпен арадағы қайшылықтар, саясаткерге жасалған қастандық пен ресми нұсқадағы қарама-қайшылықтар баяндалады. Онда елде қудаланып, біраз жыл бұрын Қазақстаннан кеткен саясаткерлер де сөйлейді.

Қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмысқа байланысты жүргізілген ресми тергеуден кейін, Қазақстан соты қастандықты "кек алу мақсатымен" ұйымдастырушы деп таныған парламент сенаты аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаевты және қылмысқа қатысы бар деген айыппен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бірнеше офицерін соттады. Тапсырысты орындаушы ретінде өмір бойына түрмеге қамалған полицияның бұрынғы қызметкері Рустам Ибрагимов кейін соттағы сөзінен айнып, жаңа куәлік берді. 2014 жылы желтоқсанда Сәрсенбайұлының қазасы туралы істі қайта қараған сот Рүстем Ибрагимовтың мәліметтері негізінде, Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевты кісі өлтіруге тапсырыс беруші ретінде таныды. Ол екеуі өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарған.

Өзінің "Өкіл қайын ата" кітабында саясаткерді қастандықпен өлтіруге тапсырыс берген адамдарды "Қазақстанның жоғарғы басшылығы арасынан іздеу керек" деп жазған Рахат Әлиев 2015 жылы 24 ақпанда Вена түрмесіндегі камерадан өлі күйінде табылды. Австрия билігі Әлиев "өз-өзіне қол салған" деп мәлімдеген еді. Кей сарапшылар бұған күмән келтіреді.

2014 жылы қарашада сот шешімі бойынша бостандыққа шыққан Ержан Өтембаев 2018 жылы маусымда қайтыс болды. Онымен бірге сотталған ҰҚК-нің "Арыстан" арнайы бөлімінің қызметкерлері түрмеден босап шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG