Accessibility links

Алексей Навальныйдың әйелі Ресейден Германияға ұшып кетті


Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың әйелі Юлия Навальная күйеуін қамау мәселесі қаралатын сот залына кіріп бара жатыр. 1 ақпан 2021 жыл.
Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың әйелі Юлия Навальная күйеуін қамау мәселесі қаралатын сот залына кіріп бара жатыр. 1 ақпан 2021 жыл.

Қамаудағы оппозициялық саясаткер, биліктің жемқорлық әрекеттерін әшкерелеп жүрген белсенді Алексей Навальныйдың әйелі Юлия Навальная белгісіз себептермен Германияға ұшып кеткен. Саясаткердің әйелі 10 ақпанда Мәскеудегі Домодедово әуежайынан ұшып, сәрсенбі кешке Франкфуртқа жеткен. Немістің Deutsche Welle агенттігі оның әуежайдың транзит аймағынан шықпағанын хабарлады, бірақ Lufthansa жолаушылары Навальнаяның рейсте болғанын растаған.

Бұған дейін ресейлік "Интерфакс" агенттігі жеке дереккөзіне сүйене отырып, Навальнаяның Германияға ұшып кеткенін хабарлаған. Навальнаяның заңгері Светлана Давыдова ТАСС агенттігіне Навальнаяның ұшып кеткені жайлы ақпаратты естімегенін айтқан.

Юлия Навальная жақында күйеуін босатуды талап етіп, рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін ұсталып, босатылған. Навальныйдың жақтастарына билік қысымы үдеген шақта оның басқа елге ұшуы "саясаткердің әйелі қауіпсіздігі үшін алаңдап, елден кетті" деген сыбыстың тарауына түрткі болды. Немістің Der Spiegel журналы дереккөзге сүйене отырып, Навальная "жеке шаруаларымен" Германияға ұшып келді деп жазған. Дегенмен басылым жай-жапсарына тоқталмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG