Accessibility links

Навальный жақтастары қолшаммен флешмоб өткізіп жатыр


Навальныйды қолдайтын акцияның Петропавловск-Камчатский қаласындағы қатысушысы. 14 ақпан 2021 жыл.
Навальныйды қолдайтын акцияның Петропавловск-Камчатский қаласындағы қатысушысы. 14 ақпан 2021 жыл.

Ресей қалаларында ғашықтар мерекесі саналатын 14 ақпан күні тергеу қамауда отырған Кремль сыншысы Алексей Навальныйды қолдайтын флешмобтар өтіп жатыр. Бұл акциялар Навальный штабының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

Флешмоб аясында адамдар далаға шығып белгілі бір уақытқа ұялы телефонындағы жарықты қосып, жағылған майшамдармен жүректі бейнеледі. Акция ұраны: "Махаббат үрейден күштірек".

Уақыт айырмашылығына орай, акция Ресейдің Қиыр Шығыс және Сібір өлкелерінде өтіп қойды. Әлеуметтік желілерде жарияланған суреттерден акцияға барлығы қанша адам қатысқанын анықтау қиын.

Биліктің акция қатысушыларына кедергі келтіруі туралы хабар тарамады.

Приморск өлкесі үкіметінің Instagram-аккаунты Навальныйды қолдайтын акция туралы (оппозиционердің аты-жөнін атамай) анонс жариялады. Көп ұзамай анонс жоғалып кетіп, кейін қайта пайда болды.

Осының алдында бірқатар қалада белсенділер прокуратурадан 14 ақпан күні Навальный қолдайтын акцияға қатысудың "заңсыздығы" жөнінде ескерту алған. Акция туралы Мемлекеттік Дума депутаттары да сөз етті. Мәселен, депутат Петр Толстой акция қатысушыларын "Ұлы Отан соғысы кезіндегі нацистердің сыбайластарына" теңеген.

Роскомнадзор мақаласында акция уақытын көрсеткені үшін "Спектр" басылымының сайтын бұғаттап тастады.

Қаңтардың соңында және ақпанның басында Ресей қалаларында Навальный жақтастарының бірнеше ауқымды акциялары өтті. Акциялардың кезінде барлығы 10 мыңнан астам адам ұсталды. Олардың көбі қамауға алынды.

Навальный штабының жетекшісі Леонид Волков мұндай наразылық акцияларының көктемде жалғасатынын, ал 14 ақпандағы акцияның полицияның ұстап әкетуіне жол бермеу үшін "өзге форматта" өтетінін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG