Accessibility links

Қырғызстанның экс-президенті Сооронбай Жээнбеков Бішкекке оралды


 Отставкаға кететін мәлімдеген Сооронбай Жээнбеков. 2020 жылдың қазан айы.
Отставкаға кететін мәлімдеген Сооронбай Жээнбеков. 2020 жылдың қазан айы.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Сооронбай Жээнбеков еліне оралды. Бұл ақпаратты 15 ақпан күні Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің дереккөздері растады.

Ақпанның басында әлеуметтік желіде Жээнбеков шетелге "қашып кетті" деген қауесет тараған. 2 ақпан күні Жээнбековтің баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева экс-президенттің Сауд Арабия королінің шақыруымен Меккеге қажылыққа кеткенін, 10 күннен соң оралатынын мәлімдеген.

Сол күні Қырғызстан бас прокуратурасы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет пен ішкі істер министрлігінен Сооронбай Жээнбековті 2020 жылғы қазандағы оқиғаға байланысты жауапқа тартуды сұраған. Ашық ақпаратқа қарағанда, мұндай шағымды "Қырғыз үміті" қозғалысы түсірген. Қозғалыс Жээнбековті парламент сайлауынан кейінгі митингіні жаншуға тапсырыс берді деп айыптап, экс-президент мәртебесінен айыруды талап еткен.

Жээнбековтің Меккеге кеткені белгілі болған соң, "енді ол Қырғызстанға оралмайды деген" тағы бір қауесет тарады. Бірақ бұл қауесетті таратушылар оралмау себебі ретінде "Қырғыз үміті" қозғалысының шағымын емес, бұрынғы вице-премьер Дуйшенбек Зилалиевтің ісін атаған.

Қаңтардың соңында Жээнбековтің Зилалиев ісі бойынша куә ретінде сотқа шақырылғаны мәлім болды. Зилалиев 2018 жылы желтоқсанда "заңсыз байыды" деген күдікпен ұсталып, құзырлы органдар күдіктінің үйінен және банк жәшігінен ақша тәркілеген.

Зилалиевтің адвокаты Талайгул Токтакунованың айтуына қарағанда, тергеу кезінде экс-вице-премьер тәркіленген ақшаның Сооронбай Жээнбековтің сайлау науқанына арналғанын айтқан.

Президенттікке 2017 жылы келген Сооронбай Жээнбеков былтыр қазан айында парламент сайлауынан кейінгі саяси дағдарыс салдарынан отставкаға кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG