Accessibility links

Прокуратура белсенділерді кеттлингте ұстау "заң бұзу емес" деп есептейді


Полиция қоршауында қалған белсенді Айзат Әбілсейіт. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Алматы қаласы прокуратурасы 10 қаңтарда парламент сайлауы күні арнайы жасақтың белсенділерді жеті сағаттай кеттлингте ұстаған әрекетін "заң бұзу емес, жазалауға жатпайтын әрекет" деп мәлімдеді. Прокуратура мұны "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсендісі Айзат Әбілсейіттің арызына берген жауапта айтқан.

10 қаңтарда мәжіліс және мәслихат депутатын сайлау күні арнайы жасақ билікке қарсы наразылық білдіруге шыққан "Oyan, Qazaqstan" белсенділері мен "Демпартия" құрғысы келетін бастамашыл топ мүшелерін жеті сағаттай қоршап, кеттлингте ұстады. Белсенділер жеті сағат бойы суықта нәр татпай, дәретханаға бармай тұрды.

Осыдан соң белсенді Әбілсейіт жемқорлықпен күрес агенттігінің Алматыдағы департаменті мен Алматы қалалық прокуратурасына арыз жазған.

"Қызметтік тексеріс кезінде полиция қызметкерлерінің әрекетінен жазаланатын қылмыстық әрекет анықталмады. Бұл арыз номенклатуралық іс ретінде тіркелмейді" деп жазылған прокуратураның Әбілсейітке берген жауабында.

Белсенді арызына "осындай жауап күткенін" айтады. Жергілікті құқық қорғаушылар белсенділерді кеттлингте ұстауды "азаптау" десе, халықаралық құқық қорғаушылар ұйымы мұны "репрессиялық әдіс" деп сынаған.

"Біздің елде көшеде жастарды себепсіз аязда жеті-сегіз сағат ұстап тұрады. Ол жерде полиция департаментінен, "Нұр Отан" партиясынан, әкімдіктен адамдар жүрді. Демек, олар бізді қоршап кеттлингте ұстағанын көріп тұрды. Яғни, олар да бұл азаптауға қатысты деген сөз" дейді Әбілсейіт.

Әбілсейітке арыз жазуға көмектескен заңгер Татьяна Чернобиль прокуратураның жауабын "күткендей болды" дейді.

"Арызда белсенділер ешқандай айыпсыз полицияның қоршауында тұрғаны, олар қоғамға қауіп төндірмегенін жаздық. Оларға ешкім құқықтарын түсіндірген жоқ. Бұл жерде полицияның заңсыз ұстауы Қылмыстық кодекстің "Азаптау" бабына жатады" деді заңгер.

Чернобильдің сөзінше, белсенді Әбілсейіт прокуратураның арызды тіркемегеніне қатысты сотқа арызданады.

10 қаңтардағы мәжіліс сайлауда экс-президент Назарбаевтың биліктегі "Нұр Отан" партиясы жеңімпаз деп танылған (Назарбаев президенттіктен кетсе де, билікке әсер етіп отыр). Сайлау күні белсенділер дауыс беруге бойкот жариялауды талап етіп, билікке қарсы наразылыққа шыққан.

Мәжіліске "Нұр Отаннан" бөлек билікшіл "Ақ жол" және Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы Коммунистік халық партиясы) өтті.

  • 16x9 Image

    Бағдат АСЫЛБЕК

    Бағдат Асылбек - Азаттықтың Алматыдағы штаттан тыс тілшісі. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан облыстық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын жергілікті "Диапазон" газетінен бастаған. Қазақстандағы басылымдарда жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG