Accessibility links

Қайрат Сатыбалды оффшорлық компания арқылы "Қазақтелеком" акцияларының 24,46 пайызына ие


Қайрат Сатыбалды Люксембургтегі оффшорлық компания арқылы "Қазақтелекомға" үлескер
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:35 0:00

Қайрат Сатыбалды Люксембургтегі оффшорлық компания арқылы "Қазақтелекомға" үлескер

Люксембургте тіркелген оффшорлық компаниялардың құжаттары жарияланған LBR реестріндегі дерекке қарағанда, Қазақстандағы байланыс саласының монополисі "Қазақтелекомның" 24,46 пайыз акциясына ие Skyline Investment Company S.A. компаниясының жалғыз құрылтайшысы — қазақстандық Қайрат Сатыбалдыұлы есімді тұлға. Ол Қазақстанның экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісімен аттас. Туған жылы, айы мен күні де бірдей.

"Қазақтелеком" компаниясының ашық дереккөздегі ресми құжаттарында бұған дейін люксембургтік компания өкілдері ретінде шетел азаматтары аталып келген.

Оффшорлық компанияның жарғылық капиталы мен басқа да есептеріндегі қаржысы теңгемен көрсетілген. Компания өкілдері "оффшорлық компания табысы, шығысы мен мүлкі толық көрсетілетін есеп бермеуге құқылы" деген Люксембург заңына сілтеп, қаржылай есебін толық жарияламайды.

2018 жылдың қаржы есебі бойынша, компанияның жалпы активі — 87 миллиард теңгеден асқан (сол кездегі курспен 266 миллион доллардан асады — ред.). Шығыны "21 миллион теңге" деп көрсетіледі. Skyline Investment Company S.A. Люксембургтегі кішкентай үйлерге тіркеледі. Мысалы, былтырғы жазға дейін компания д'Эхтернах көшесіндегі мекенжайда тіркеуде болған. Қазір көп қабатты үйде орналасқаны жазылған.

Компания таза табысының 5 пайызын салық түрінде Люксембургке төлейді. Қазақстандағы ресми органдар базасында офшорлық компания деректері көрсетілмейді.

Оффшорлық компания құрылтайшысы әшкере болмай тұрып та Назарбаев туысы — Қайрат Сатыбалдыұлының ең ірі байланыс операторына қатысы бары белгілі еді. 2016 жылы кәсіпкер Alatau Capital Invest компаниясы арқылы "Қазақтелеком" компаниясының 3,4 пайыз акциясын сатып алған.

Алпауыт компания үлескері салық ретінде бюджетке 2019 жылы — 172 мың теңге, 2020 жылы 11 теңге төлеген.

Skyline Investment Company S.A. оффшорлық компаниясының пайдасына Қазақстандағы ең бай кәсіпкердің бірі Александр Клебанов 2018 жылы тамызда "Қазақтелекомдағы" 25 пайыздық акциясын өткізіп береді. Бұған рұқсат ететін қаулыға сол кездегі премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қол қойған. Оффшорлық компания "Қазақтелеком" акциясының төрттен бірін сатып алды ма, әлде тегін алды ма — белгісіз. Ашық дереккөздерде келісім-шарт сипаты айтылмайды.

Қайрат Сатыбалдыұлы бұған дейін Skyline Investment Company S.A. компаниясына қатысы бар-жоғы туралы мәлімдеме жасамаған.

Люксембург билігі жылдар бойы елдегі оффшорлық компания деректерін құпия сақтап келген. Бірақ 2018 жылы Еуропа одағы ақша жымқырумен күрес аясында билікті компаниялар дерегін жариялауға міндеттеді. Осыдан соң билік елде тіркелген компания иелері жайлы ақпарат сақталған құжаттарды ашық реестрге жүктеді.

2019 жылғы қаржы есебі бойынша, "Қазақтелекомның" таза табысы 65 миллиард 345 миллион теңгеден асқан (170 миллион доллар — ред.). Компанияның 51 пайыз акциясы — елдегі ең ірі квазимемлекеттік компания "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына, 24,46 пайызы — құрылтайшысы енді әшкере болған люксембургтік компанияға, 9,58 пайызы — номиналды ұстаушы BNY Mellon компаниясына, қалған 14,96 пайызы басқа бірнеше акционерге тиесілі.

Қайрат Сатыбалдыұлы Forbes Kazakhstan журналының есебінде 163 миллион долларға бағаланған дәулетімен Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесмен қатарында тұр. 2015-2018 жылдары Қазақстандағы ең бірі банктің бірі — "Каспидің" акционері болды. Әр жылдары мемлекеттік қызметте істеген. 2000 жылдары Астана қаласы (қазіргі – Нұр-Сұлтан) әкімінің орынбасары, "KazakhOil" компаниясының вице-президенті, "Қазақстан темір жолы" компаниясының бірінші вице-президенті болған. 2010-2015 жылдары ағасының — президенттіктен кетсе де, билікке ықпалын сақтап тұрған Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясында хатшы болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG