Accessibility links

Ресей Мемлекеттік думасы сайлауалды үгіт-насихатты сот шешімінсіз бұғаттау туралы заң қабылдады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейдің заң шығарушы органы Мемлекеттік дума интернеттегі сайлауалды үгіт-насихатты бұғаттау туралы заң жобасын үшінші әрі қорытынды оқылымда мақұлдады. Құжатта сайлау туралы заңның талабын бұзатын материалдардың бұғатталатыны жазылған. Оппозиция заң жобасының өзіне қарсы бағытталған болуы мүмкін деп күдіктенеді. Осы құжатпен бірге заңсыз үгіт-насихат жүргізуге салынатын айыппұл көлемін бірнеше есе арттыратын заң қабылданды.

Мемлекеттік дума заң жобасына 17 ақпан күні дауыс берді. 302 депутат қолдап дауыс берсе, барлығы жүз адамнан тұратын оппозициялық фракциялар қарсы дауыс берді. Құжатты билік партиясы "Единая Россияның" фракциясы ұсынды.

Құжат сайлау күні бекітілген күннен бастап, сайлау нәтижесі жарияланғаннан бес күн өткенге дейінгі аралықта жарық көрген ақпаратты бұғаттауға мүмкіндік береді.

Бұғаттау туралы шешім сот шешімінсіз қабылдана береді. Шешім қабылдауға сайлау комиссияларының Роскомнадзор мекемесіне шағым түсіруі жеткілікті. Кандидаттың сайлауалды қорынан төленбеген, сайлауға бір күн бұрын қалғанда жарияланған, мемлекеттік органдар не сайлау комиссиясы мүшелері жариялаған насихат заңсыз саналады.

Оппозициялық фракциялардың өкілдері заң азаматтарды саяси көзқарасы үшін жазалауы мүмкін дейді. Сондай-ақ олардың заңның билікке қарсы шыққандарға ғана қолданылатынын айтады.

Сәрсенбі, 17 ақпан күні Мемлекеттік дума депутаттары заңсыз үгіт-насихат үшін салынатын айыппұл көлемін арттыратын заңға да дауыс берді. Енді азаматтарға 20 мың рубльге дейін (113 мың теңге), лауазымды тұлғаларға 50 мың рубльге дейін (283 мың теңге), компанияларға 500 мың рубльге дейін (2,8 миллион теңге) айыппұл салынуы мүмкін. Осыған дейін аталған айыппұл көлемі жоғарыдағы тәртіппен 1,5 мың рубль, 2 мың рубль және 30 мың рубль болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG