Accessibility links

Минск соты екі журналисті наразылық жайлы репортажы үшін түрмеге қамады


Польшаның "Белсат" телеарнасы журналистері Катерина Андреева (Бахвалова) мен Дарья Чульцоваға Беларусь билігі 2020 жылы тікелей эфирде жасаған репортаждарымен жаппай наразылықты үйлестіріп отырған деген айып тақты. Журналистер өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.
Польшаның "Белсат" телеарнасы журналистері Катерина Андреева (Бахвалова) мен Дарья Чульцоваға Беларусь билігі 2020 жылы тікелей эфирде жасаған репортаждарымен жаппай наразылықты үйлестіріп отырған деген айып тақты. Журналистер өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

Минск соты 15 қарашадағы наразылық акциясынан тікелей эфирде хабар таратқан Польшаның "Белсат" телеарнасы журналистері Дарья Чульцова мен Катерина Бахвалованы екі жылға бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сот екі журналиске үкімін үш күнге жалғасқан тыңдаудан кейін, 18 ақпанда жария етті деп хабарлайды Азаттықтың Беларусь қызметі.

Билік журналистерге тікелей эфирде жасаған репортаждарымен жаппай наразылықты үйлестіріп отырған деген айып тақты. Тергеу қорытындысында қос журналистің "наразылық акциясын ұйымдастырып, көпшілікті милиция қызметкерлеріне қарсы жұмылдырғаны" айтылған. Соның салдарынан, мысалы, қоғамдық көліктің 19 маршрутының жұмысы тоқтаған дейді тергеушілер.

Дарья Чульцова мен Катерина Бахвалова өздеріне тағылған айыпты мойындамайды. Сараптама журналистердің іс-әрекетінен қандай да бір үндеу таба алмаған, айыптаушы тарап куәгерлерінің ешқайсысы наразылық акциясына шығуына дәл осы екі журналистің іс-әрекеті себеп болды деп айтпаған. Бұған қоса, Чульцова мен Бахвалова трансляция жүргізген күні Минскіде мобильді интернет байланысы ажырап қалған, яғни акцияға қатысушылардың алаңнан жасалған видеостримді көруге мүмкіндігі болған жоқ деп мәлімдеді қорғаушы тарап.

Құқық қорғаушылар Дарья Чульцова мен Катерина Бахвалованы саяси тұтқын деп танығаны туралы Азаттықтың Беларусь қызметі хабарлады. Бахвалова соттағы соңғы сөзінде елдегі саяси тұтқындардың бәрін босатуға үндеген.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының кейінгі есебінде Беларусь билігі елді Еуропадағы журналистер үшін ең қауіпті мемлекетке айналдырып жібергені айтылған. Александр Лукашенкоға қарсы наразылықтар басталғаннан кейін БАҚ қызметкерлерін тұтқындау, елден шығарып жіберу, жұмыс істеу құқығынан айыру жиіледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG