Accessibility links

Сот Боқаевқа қаладан рұқсатсыз шығуға, алаңда мәселе талқылауға тыйым салды


Макс Боқаев Атыраудағы орталық алаңда тұр. 4 ақпан 2021 жыл.
Макс Боқаев Атыраудағы орталық алаңда тұр. 4 ақпан 2021 жыл.

18 ақпанда Атырау қаласының №2 соты белсенді Макс Боқаевқа үш жылға әкімшілік қадағалау орнату бойынша төрт шектеу қойды. 2016 жылғы жер митингілерінен кейін 5 жылға сотталып, 4 ақпанда қамаудан шыққан Боқаевты қадағалауды Атырау қаласы полиция департаменті ұсынған.

Бұл – Боқаевқа қойылған екінші әкімшілік шектеу. Бұған дейін Атыраудағы сот Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өтініші бойынша Боқаевқа үш жыл әкімшілік қадағалау тағайындаған. Белсенді бұл шектеуге апелляциялық шағым түсіргенімен, Атырау облыстық соты қанағаттандырмады.

СОТ БОҚАЕВҚА ҚАНДАЙ ШЕКТЕУЛЕР ҚОЙДЫ?

Атырау қаласы полиция департаменті соттан Боқаевқа жеті шектеу қоюды сұраған еді. Олар "Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы" заңға сүйеніп, арызданған. Судья Дәуренбек Даумов департаменттің төрт ұсынысын қанағаттандырды.

Сот шешіміне сай. Боқаевқа үш жылға мынандай шектеулер қойылды:

  • Әкімшілік бақылау жүргізетін полиция басшылығының жазбаша рұқсатынсыз жеке не шаруаларымен Атырау қаласынан шығуға тыйым салынды;
  • Жұмыс күндері түнгі оннан таңғы алтыға дейін және мереке мен демалыс күндері жұмысқа қатысты міндеттемесінен бөлек тұрғылықты жерінен шығуына тыйым салынды;
  • Көшелерде, алаңдарда, бақтар мен скверлерде, көңіл көтеретін нысандарда және басқа да қоғамдық орындарда қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылау мен пікір білдіруге тыйым салынды;
  • Әкімшілік бақылау мерзімі ішінде полиция органдары бекіткен уақытта тіркелу үшін Атырау қалалық полиция басқармасына айына бір рет белгіленуі тиіс.

Сот "ата-анасы не заңды өкілінің рұқсатынсыз жасөспірімдермен араласуына, олармен телефон не басқа тәсілмен хабарласуына болмайды" және "ішімдік ішуге, есірткі, психотроп заттарды қолдануға тыйым салу" деген екі шектеуді қолдамады.

Бұған қоса, сот полицияның "Боқаев айына полицияға үш рет келіп белгіленуі тиіс" деген ұсынысына "айына бір рет келіп тіркелсе жеткілікті" деп тапты. Сот шешімі күшіне енген жоқ, қос тараптың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

Ал Қылмыстық кодекстің 431-бабында әкімшілік қадағалауды бұзғандарға бір жыл бас бостандығынан айыру я шектеу жазасы қарастырылған.

БОҚАЕВ НЕ ДЕЙДІ?

Боқаев сотта жазаны өтеп шыққанын, бұл шектеулердің негізсіз екенін айтты. Белсенді Азаттыққа адвокаты Жанар Сүндетқалиевамен ақылдасып, аппеляциялық шағым түсіретінін, алдағы уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқығы комитетіне де шағымданатынын жеткізді.

- Мен қашып кетейін деп жүрген жоқпын. Қашатын болсам, баяғыда-ақ қашар едім. Түнде шығып, банк тонайын деп те жатқан жоқпын. Ары қарай белсенділігімді жалғастырамын. Қажет деп тапсам, митингіге шығамын, пікірімді айтамын. Бір жағынан Қылмыстық-атқару жүйесі, екінші жағынан полиция шектеу қояды. Мұның бәрі не үшін керек? Босқа уақыт өткізу ғана. Жолдас жігіттердің көлігімен бір жерлерге барғанда ізімізден бірнеше көлік бақылап жүреді. Оның сыртында адамды түрінен танитын "Сергек" камералары бар. Олардың мені қадағалаудан басқа жұмысы жоқ сияқты. Егер құқық бұзсам, Қылмыстық, Әкімшілік кодекс бар. Осы заңдармен жұмыс істеуге болатын еді, - дейді Боқаев.

Қазақстандық құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтың пікірінше, полиция ұсынған "көшелерде, алаңдарда, бақтар мен скверлерде, көңіл көтеретін нысандарда және басқа да қоғамдық орындарда қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылау мен пікір білдіруге тыйым салу" деген шектеу ойдан шығарылған.

- 1996 жылы қабылданған "Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы" заңның 7-бабында мұндай шектеу жоқ. Заңда қадағалаудағы азаматтың қоғамдық орында өз пікірін білдіруге болмайды деген ереже де жоқ. Полицияның бұл ұсынысы Конституцияға да қайшы келеді. Өйткені Конституцияның 39-бабы 3-тармағында азаматтардың саяси құқығына шектеу қойылмайды деп жазылған, - дейді Қалиев.

БОҚАЕВ КІМ?

Белсенді Макс Боқаев 2016 жылдың сәуірінде Атырау қаласында бірнеше мың адамның қатысуымен болған жер митингісінен кейін 5 жылға сотталған. Оған "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңын бұзды" деген айыптар тағылған. Құқық қорғаушылар белсендіні "саяси тұтқын" деп таныған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен батыс елдері Қазақстан билігінен бірнеше рет Боқаевты босатуды сұраған. Ал белсендінің өзі билікпен келісімге келуден бас тартып, жазасын толық өтеп шықты.

2021 жылдың 4 ақпанында бостандыққа шыққан ол Атыраудағы (митинг өткен жер) Исатай-Махамбет алаңына барған. Ол 28 ақпан мен 28 наурыз аралығында алаңға барып, Қазақстан Конституциясын өзгертуді, билікті "ұлттық диалог" құруға шақыратынын мәлімдеген.

Белсенді Макс Боқаев жайлы сіз білу керек 5 дерек
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:01 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG