Accessibility links

Қырғыз президенті Жапаров орыс тілі мәртебесін саяси манипуляцияға айналдырмауға шақырды


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдегі орыс тілі мәртебесін саяси манипуляцияға айналдыруға қарсы екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол "Слово Кыргызстана" үкіметтік газетінде жарық көргенде мақаласында айтты. Ресейге сапарының қарсаңында жарық көрген мақалада қырғыз президенті орыс тілінің Қырғызстандағы мәртебесі заңмен жақсы қорғалған дейді.

"Одақтық байланыс" деп аталған мақаласында Жапаров "Қырғызстан көптеген жыл бойы Ресеймен тату-тәтті тұрып, дамып келеді. Ал орыс тілі елдің ресми тілі ғана болып қоймай, ұлтаралық қарым-қатынас тілі де болып отыр" дейді.

"Ресеймен қарым-қатынасты одақтастықтың жаңа деңгейіне шығару бағыты Қырғызстанның мүддесіне сай келеді. Одақтастықты күшейтуге балама жоқ екеніне сенімдіміз. Сол себепті республиканың сыртқы саясатында осы бағытқа шешуші орын берілген. Алдағы сапардың екі ел арасындағы қарым-қатынастың беки түсінуіне және екіжаққа да тиімді салалардың барлығында әріптестіктің дамуына ықпал ететіне сенімдімін" деп жазды Жапаров.

Қаңтардың соңында президент баспасөз хатшысы Жапаровтың алғашқы сапарын Ресейге арнауды көздеп отырғанын мәлімдеген. 15 ақпан күні Жапаровтың "жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шаралар қарсаңында" қашықтан жұмыс істеуге көшкені белгілі болды. Сапардың қай күнге белгіленгені айтылмай отыр.

  • Садыр Жапаров президент қызметіне ресми түрде 28 қаңтар күні кірісті. 10 қаңтар күні өткен президент сайлауының ресми нәтижесі бойынша, ол 79,2 пайыз дауыс алған. Жақтастары Жапаровты 2020 жылғы парламент сайлауынан кейінгі халық толқуы кезінде түрмеден босатып алған. Толқу сол кездегі президент Сооронбай Жээнбековтің отставкасымен аяқталды.
  • Билікке келе сала ол конституцияға президент құзыретін кеңейтетін өзгеріс енгізуді ұсынды. Өзгеріс енген жағдайда Қырғызстан парламенттік басқару формасынан президенттік басқару формасына ауысады.
  • Қырғызстанда орыс тілін ресми мәртебесінен айыру туралы бастама бірнеше рет көтерілген. Былтыр күзде Қырғызстан конституциялық жиналысының мүшесі Садирдин Торалиев конституциядан орыс тіліне ресми мәртебе беретін тұсын алып тастауды ұсынған. 2019 жылы конституцияны өзгертуді ұсынған саяси күштер бірлестігі осыған ұқсас бастама көтерген. Былтыр қазанда президент міндетін атқарушы премьер-министр Садыр Жапаров Ресей елшісімен кездескенде бұл мәселенің күн тәртібінде тұрмағанын айтқан.
  • Халқының саны алты миллионнан асатын Қырғызстанның экономикасы шетелде жүрген еңбек мигранттарының елге жіберетін ақшасына тәуелді. Қырғызстандық еңбек мигранттарының маңызды бөлігі Ресейде жүр.
  • Қырғызстан – Еуразия экономикалық одағы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт одағы секілді Ресейдің ықпалы басым халықаралық одақтардың мүшесі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG