Қазақстанда коронавирус салдарынан тағы 10 адам қайтыс болған. Оның жетеуі Covid-19 вирусын жұқтырғаны (КВИ+) анықталған, ал үшеуіне ПТР тестімен расталмаған (КВИ-) коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Бұл туралы 10 ақпан күні денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ресми ақпаратта бір күнде коронавируспен 872 науқас тіркелгені, оның 45-іне ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы диагнозы қойылғаны айтылған.
20 ақпандағы эпидемия ахуалын бағалау матрицасына сәйкес, елде "қызыл" (қауіпті) аймақта тұрған өңір жоқ. "Сары" аймақта Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бар. Қалғаны – "жасыл" аймақта.
Қазақстан коронавирус науқастарының статистикасын екі бөлек жүргізіп келеді. Қазіргі мәлімет бойынша, елде 21340 науқас емделіп жатыр (13352 –КВИ+, 7988 – КВИ-).
Қазақстанда Covid-19 індеті келгелі вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастар арасында қайтыс болғандар саны 2690 адамға жетіп отыр. Билік бұл статистикаға Covid-19 инфекциясын жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адамды кіргізбеген.
Елде барлығы 206 652 адамның Covid жұқтырғаны расталған. Ал ресми статистикасы былтыр тамыздан бері жүргізіліп келе жатқан КВИ- жұқтырғандар саны 48 932 адамға жетті, оның 608-і қайтыс болған.
Жергілікті сарапшылар Қазақстанда коронавирус статистикасы азайтылып көрсетіледі дейді. Былтыр маусым, шілде айларында ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ ауру белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандар күрт көбейген.
Былтыр күзде "Сандж" зерттеу орталығы сауалнама қорытындысын жариялап, тамызға дейін 3,8 миллион адамның коронавируспен ауырып шыққанын, оның ресми статистикадан 37 есе көп көрсеткіш екенін мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР