Accessibility links

Мәскеуде Немцов қаза тапқан жерді қоршап, еріктілерді ұстады


Ресей оппозиционері Борис Немцов қаза болған жердегі халық орнатқан мемориал.
Ресей оппозиционері Борис Немцов қаза болған жердегі халық орнатқан мемориал.

Мәскеуде оппозициялық саясаткер Борис Немцов қастандықпен өлтірілген жердегі халық қойған ескерткіш белгіні алғаш рет қоршап, ол жерден бірнеше еріктіні полиция ұстады деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.

Немцов қаза тапқан жердегі көпірден бірнеше адам ұстап, полиция бөліміне жеткізген. Билік өкілдері оларға "бұрынғы қылмыстарға қатысы бар-жоғын" тексеретінін айтқан. Белсенділердің бірінің сөзінше, полиция оларға "жаяу адамдарға кедергі келтірген" деген айып тағуы мүмкін.

Ерікті Григорий Симаков құқық органдары Борис Немцовқа халық қойған ескерткіш белгіні жойып тастауы мүмкін деп есептейді. Ол биліктің бұған дейін көпірді бірнеше рет жауып тастағанымен, мемориалға тиіспегенін еске салды. "Қазір енді оған жақындатпайды" деді Симаков.

Ресей оппозициясы лидерлерінің бірі Борис Немцовты 2015 жылғы 27 ақпанда кешке Кремльге жақын маңдағы Үлкен Мәскеу көпірінде атып өлтіріп кеткен. Сол кезден бері саясаткер қаза болған жерде халық орнатқан ескерткіш белгі бар. "Немцов-мост" ("Немцов көпірі") деп аталатын мемориалды еріктілер тәулік бойы кезектесіп қарап, қорып жүреді. Кейінгі алты жылда мемориалға бірнеше рет шабуыл жасалған. 2017 жылғы тамызда белгісіз біреудің шабуылынан бір белсенді мерт болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG