Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ҰҚМК) тергеу абақтысына екі айға қамалды. Экс-кеденшіге бұлтартпау шарасын Бішкектегі Бірінші май аудандық соты тағайындады.
Сот отырысы жабық өтті. Бұлтартпау шарасын қарастыру кезінде сот ғимаратының алдында Матраимов жақтастарының акциясы өтті. Олар экс-кеденшіні кінәсіз деп атап, оны босатуды талап етті.
Матраимовтың адвокаты Мадина Ниязова шешіммен келіспейтінін, ол жөнінде шағым түсіретінін мәлімдеді.
ҰҚМК қызметкерлері Райымбек Матраимовты 18 ақпан күні ұстаған. Ол заңсыз ақшаның ізін жасыру айыбы бойынша күдікті болып отыр. Бұл – бұрынғы кеденшінің екінші рет ұсталуы. Алғашқысында айыппұлмен құтылған.
Екінші рет ұстаудың алдында ҰҚМК басшысы Камчыбек Ташиев Бішкекке оралып, істің анық-қанығына жететінін айтқан.
"Матраимов ісі жөніндегі сот туралы шетелде жүріп естідім. Оның мүлкі мен банк есеп-шоттары бұтаттан босағанын білдім. Бүгін кешке бар ақпаратты жинап, құжаттарды көремін. Ертең Матраимовқа қатысты шара қабылдаймын" деді ол Баткен облысындағы шекара аумағында тұратын тұрғындармен кездесуде.
11 ақпан күні Бішкектегі Бірінші май соты Матраимовты парақорлық бабымен кінәлі деп тауып, оған 260 мың сом (шамамен 1,3 миллион теңге) айыппұл салды. Бұл үкім қоғамда резонанс тудырды.
Қырғыз журналисі Али Токтакунов видео үндеу жариялап, сот шешімін айыптай сөйледі.
"Бүгін Садыр Жапаров билігі айтқанына көнетін прокуратура мен сот органдары арқылы Матраимовты қорғап шығып, оның халықты одан әрі тонауына жол ашты. Матраимовтар рейдерлік жолмен тартып алған кеден терминалдары әлі күнге дейін жұмыс істеп, табыс әкеліп отыр. Оның жемқорлық жүйесі бұзылған жоқ. Керісінше, енді оның гүлденуіне жол ашылып отыр. Оның дәлелі – бүгінгі сот шешімі" деді Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің бұрынғы зерттеуші журналисі Али Токтагунов.
Ол экс-кеденшінің Алмазбек Атамбаев пен Сооронбай Жээнбековтың баюына жұмыс істегенін айтты. Енді президент Садыр Жапаровтың тұсында оның қызметіне жайлы жағдай жасалып отыр дейді журналист.
13 ақпан күні президент Садыр Жапаров "Кабар" ұлттық ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында Матраимов ісі мұнымен аяқталмайтынын айтты.
"Райым Матраимов кінәлі екенін мойындап, тергеумен жұмыс істеп, 2 миллиардтан сом ақша төледі. Бұл тек бір ғана жағдай. Кеше сот осы жағдай бойынша 260 мың сом айыппұл салды. Кеше ҰҚМК маған көрші елдерге оның Дубайдағы қызметі, банк есеп-шоттары мен мүлкі туралы хат жолдағанын хабарлады. Егер жауап келсе, тергеу жалғасады. Сол себепті адамдарға шыдамды болу керек. Мұндай істі бір күнде аяқтау мүмкін емес" деді ол.
14 ақпан күні азаматтық қоғам өкілдері бейбіт шеруге шығып, Матраимовтың қамалуын талап етті. 15 ақпан күні ҰҚМК егер шетелде Матраимовке тиесілі қымбат жылжымайтын мүлік табылса, тергеу жалғасатынын мәлімдеді.
ҰҚМК басшысы Камчыбек Ташиев 24 желтоқсандағы баспасөз мәслихатында Матраимов құрған жүйеге сәйкес, Қытай мен Қырғызстан шекарасынан өткен әрбір көліктен 500 доллардан 3000 долларға дейін алынып отырған деді.
9 желтоқсан күні АҚШ-тың Райымбек Матраимовты Ғаламдық Магнитский тізіміне қосқаны белгілі болды. Оның әйелі Уулкан Тургуноваға да салынған. Осыдан кейін олардың аты-жөндерін өзгерткені анықталды. Райымбек Матраимов Исмаилов болды, Уулкан Тургунова Сулайманова болды.
Азаттықтың Қырғыз қызметі жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) және Kloop.kg сайтымен бірге Қырғызстаннан заңсыз жолмен кемі 700 млн доллар қалай шығарылғаны туралы зерттеу мақалаларының топтамасын жариялаған болатын. Мақалада сонымен бірге бюджетке орасан зиян тигізген кеден қызметіндегі айла-шарғылар әшкереленген. Зерттеу жарияланғаннан кейін Қырғызстанда жүздеген адам бейбіт митингіге шығып, жемқорлықпен күресуді, сөз бостандығын талап еткен.
ПІКІРЛЕР