Accessibility links

Пекин АҚШ-ты саудадағы шектеулерді жойып, елдің "ішкі ісіне араласпауға" шақырды


Қытай сыртқы істер министрі Ван И.
Қытай сыртқы істер министрі Ван И.

22 ақпанда Пекин АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігін саудадағы шектеулерді жойып, елдің "ішкі ісіне араласуды" доғаруға шақырды. Қытай бұл тұста Тайвань, Гонконг, Шыңжаң және Тибет мәселелерін меңзеп отыр.

Дүйсенбі күні Қытай сыртқы істер министрі Ван И Пекин АҚШ-тың жаңа әкімшілігі бұрынғы президент Дональд Трамп енгізген көптеген шаралардан бас тартқанын қалайды деген.

Трамп 2017 жылы Қытайдан келетін тауарларға баж салығын көбейтіп, қытай технологиялық компанияларының өнімдеріне шектеу қойған, ғылыми әріптестікті азайтқан. Бір мезгілде Тайваньмен әскери-дипломатиялық ынтымақтастықты жандандырып, Шыңжаңда ұйғыр, қазақ және өзге де аз ұлттардың құқықтарын бұзғаны үшін және Гонконгтегі демократиялық қозғалыстарды күшпен басқаны үшін бірқатар қытай шенеуніктеріне санкция салған.

"АҚШ-тың жаңа әкімшілігі өзінің сыртқы саясатын қайта бағамдап, қарастырады деп сенеміз" деді Пекинде Америка-Қытай қатынасына арналған форумда сөйлеген сыртқы істер министрі Ван И.

"АҚШ саясаткерлері уақытқа ілесіп, әлемдік тенденцияларды айқын аңғарып, қате түсініктерден, негізсіз күдіктерден арылып, Қытайға қатысты ақылға қонымды саясат жүргізеді деп үміттенеміз" деді Ван И.

Байден осыған дейін Қытаймен қатынасты қалпына келтіруге уәде берген. Бірақ әзірге Вашингтонның Пекинмен қатынасында түбегейлі өзгерістер бола ма, жоқ па, белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG