Accessibility links

"Тәуелсіз заңгерлерден қолыңды тарт!". Алматыда құқық қорғаушы жалғыз адамдық пикетке шықты


Алматы қаласының әділет департаментінің алдында "Бекетаев! Тәуелсіз заңгерлер мен адвокаттардан қолыңды тарт!" деген жазуы бар плакат ұстап, жалғыз адамдық пикет өткізіп тұрған құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. 23 ақпан 2021 жыл.
Алматы қаласының әділет департаментінің алдында "Бекетаев! Тәуелсіз заңгерлер мен адвокаттардан қолыңды тарт!" деген жазуы бар плакат ұстап, жалғыз адамдық пикет өткізіп тұрған құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. 23 ақпан 2021 жыл.

Құқық қорғаушы, "Халықаралық құқықтық бастама" қорының жетекшісі Амангелді Шорманбаев сейсенбі күні Алматы қаласының әділет департаменті ғимаратының алдында рұқсат етілген жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол қазір сенатта қаралып жатқан “Адвокат қызметі және заңгерлік көмек” туралы заңға енгізілетін түзетулерді алып тастауға шақырды. Оның пайымдауынша, “заңгерлер, адвокаттардың ісін реттеуге” бағытталған түзетулер шын мәнінде заңгерлерді мемлекетке бағындыруды көздейді. Тәуелсіз сала мемлекетке бағынса, елде тәуелсіз заңгерлер қалмайды деп алаңдайды құқық қорғаушы.

- [Заң жобасына сәйкес], жоғары құрылым - республикалық адвокаттар алқасы мен заң жөнінде кеңесшілердің республикалық палатасы құрылады. Біздің ойымызша, бұл құрылымдар төмендегі адвокаттық кеңселер мен адвокаттар және заңгерлер палатасын тәуелсіздіктен толық айыруды көздейді. Олар нені ұсынады? "Адвокат және заң қызметін жетілдіреміз" деген желеумен түрлі жарна енгізіп, қандай да бір ақпарат жүйелерін, деректер қорын тықпалап жатыр, оны пайдаланып, сол үшін ақша төлеу де міндетті болады" деді Шорманбаев. Оның айтуынша, республикалық палатаға мүше болу жарнасы кемінде айына 1 айлық есептік көрсеткішті (1 АЕК - 2917 теңге) құрайды.

"Бостан-босқа айына 1 АЕК төлеу. Елде кемінде 9 мың заңгер бар. Республикалық палата кеңсесін кім үшін ашады?" деді ол.

Құқық қорғаушы осыдан үш жыл бұрын да заңгерлерді адвокаттар алқасы сияқты кеңесшілер палатасына кіруге міндеттегенін алға тартып, қайта "барлық заңгерлер бас қосып, тәуелсіздіктерін сақтап қала алды" деді.

Амангелді Шорманбаев заңгерлердің президент пен сенатқа үндеу жолдап, заң жобасын кері қайтаруға күш салатынын айтты. Ол сонымен бірге БҰҰ-ның заңгерлерді қорғау, құқық қорғаушыларды қорғау және бірлесу еркіндігі жөніндегі арнайы баяндамашыларына жақын арада үндеу жолдайтынын жеткізді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG