Accessibility links

Путин митинг ережесін бұзғандар мен полицияға бағынбағандарға жазаны күшейтетін заңға қол қойды


Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды қолдау акциясында наразыларды ұстап жатқан полиция қызметкерлері. Мәскеу, 31 қаңтар 2021 жыл.
Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды қолдау акциясында наразыларды ұстап жатқан полиция қызметкерлері. Мәскеу, 31 қаңтар 2021 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин митинг ұйымдастыру мен қаржыландыру ережесін бұзғандар мен құқық қорғау қызметкерлеріне бағынбағандарға жазаны күшейтетін заңға қол қойды. Құжат сәрсенбі күні ресми құқықтық порталда жарияланды.

Заң жобасын 10 ақпанда мемлекеттік дума үшінші оқылымда қабылдаған. Федерация кеңесі 17 ақпанда мақұлдаған.

Оған сәйкес, қоғамдық шара ұйымдастыру үшін қаржы жинап, бірақ өкілетті органға ол ақшаның қалай жұмсалатыны жайлы есеп бермеген азаматтарға 10-20 мың рубль көлемінде (лауазымды тұлғаларға - 20-40 мың рубль, заңдық тұлғаларға 70-200 мың рубль аралығында) айыппұл салынады. Акцияны қаржыландыруға құқығы жоқ адамның ақша аударуы да 10-15 мың рубльдік айыппұлмен жазаланады.

Бұл заң құқық қорғау қызметкерлеріне бағынбағаны үшін салынатын айыппұл көлемін де арттырады. Полиция, әскери қызметкер, қылмыстық-атқару жүйесі комитеті, Росгвардия өкілдерінің талабына бағынбаған немесе олардың жұмысына кедергі келтірген адамдарға 2-4 мың рубль көлемінде (бұрын 500 рубль болған) айыппұл салынады немесе 15 күнге дейін әкімшілік қамауға алынады не 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеледі. Заңбұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі - 10-20 мың рубльге дейін, қамау мерзімі - 30 тәулік, қоғамдық жұмыс сағаты 200-ге дейін артуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG