Accessibility links

Бас санитарлық дәрігер карантинді аяқтау шарттарын атады


Қазақстан бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов 24 ақпандағы брифингте елдегі карантинді толық аяқтау шарттарын атады.

– Карантинді толық аяқтау үшін барлық облыс "жасыл" зонада болуы тиіс. Оған қоса, коронавирус жұқтырғандар 100 мың адамға шаққанда 25-тен төмен болуы керек. R мөлшері (бір адамның қанша адамға вирус жұқтыратынын көрсететін көрсеткіш – ред.) 1-ден төмен болғаны жөн. Сонымен қатар, екпе алғандар 50-60 пайыздан асып, халық арасындағы иммунитет қалыптасқаны қажет, - деді Қиясов Азаттық сұрағына жауап бергенде.

Ол "бұл карантинді жеңілдетуге мүмкіндік беретін көрсеткіштер екенін", "бірақ қазір вирустың тарап жатқанын жоққа шығармау керегін" айтты.

- Пандемияны толық жеңгенде ғана шектеулердің бәрін алып тастармыз. Вирустың тарауын толық тоқтатып, коронавирус жұқтырғандар болмауы тиіс. Әрине, коронавирус жұқтырғандар нөл болғанын қалаймыз. Бәлкім, екпенің оң әсерін көре бастағанда шектеулерді біртіндеп алатын механизм қабылдармыз, - деді ол.

24 ақпанда "Атамекен" кәсіпкерлерді қолдау палатасы 1 наурыздан бастап "сары" және "жасыл" зонадағы аймақтарда қандай шектеулер алынатынын айтты.

"Жасыл" зонадағы аймақтарда:

  • Спорт жарыстарына көрермендер кіргізу рұқсат беріледі (лимит әлі талқыналып жатыр),
  • 50 адам жиналатын еске алу шараларын (зал 30 пайыз толуы тиіс) ұйымдастыруға рұқсат етіледі,
  • бильярд залдары, жабық ғимараттағы балаларға арналған көңіл көтеру залдары, цирктер ашылады.

Ал "сары" зонадағы облыстарда сауда орталықтары, базарлар жексенбіде де жұмыс істемек.

Қиясовтың сөзінше, студенттердің аудиторияға толық оралатын уақытын нақты айту қиын. "Барлық оқу орнын ашу үшін вирус жұқтырғандар саны айтарлықтай азаюы керек" деді ол.

24 ақпанда эпидемиологиялық жағдай бойынша Қазақстанда "қызыл зона" жоқ. "Сары" зонада Нұр-Сұлтан қаласы, БҚО, Ақмола, Қостанай облыстары бар. Қалған аймақтар "жасыл" зонада.

Министрліктің мәліметінше, 23 ақпанда елде 753 адамнан коронавирус табылып, 11 адам Covid дертінен көз жұмды.

Ресми статистика бойынша, елде 209 562 адамнан коронавирус табылған. Биліктің есебінше, былтыр наурыздар бері 2718 адам індеттен қаза болған. Үкіметтің статистикасына коронавирус табылған жүздеген марқұм енбей қалды. Билік олар коронавирус жұқтырса да, басқа дерттен қайтыс болды деп есепке қоспай отыр. Министрлік "коронавирус пневмониясынан" қайтыс болғандарды да ресми статистикаға қоспайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG