Accessibility links

Путин Жапаровпен кездесуде Қырғызстандағы орыс тілінің мәртебесі мәселесін қозғады


Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) және Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров. Мәскеу, 24 ақпан 2021 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) және Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров. Мәскеу, 24 ақпан 2021 жыл.

24 ақпанда Мәскеуге екі күндік сапармен барған Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесті. Бұл - Жапаровтың мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы сапары.

Кремльдің хабарлауынша, Ресей басшысы Жапаровты Қырғызстан президенті қызметіне кірісуімен құттықтап, оған "елдегі ішкі саяси жағдайды қалыпқа келтіре алады" деп үміттенетінін жеткізген.

Жапаров Қырғызстан "Ресеймен әрдайым ынтымақтастық орнатуға дайын" деп мәлімдеп, Путинді елге кез келген уақытта ресми сапармен келуге шақырған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Владимир Путин Қырғызстандағы орыс тілінің мәртебесі мәселесін қозғаған.

"Мен өз тарабымнан тағы бір сәтті атап айтқым келеді. Сіз орыс тілінің мемлекеттік мәртебесін сақтап қалдыңыз. Бұл екіжақты қатынаста өте маңызды деп есептеймін. Бұл біз үшін де, Қырғызстан азаматтары үшін де маңызды, себебі бұл Ресейдің еңбек нарығында белгілі бір артықшылықтарға ие болуға мүмкіндік береді. Өз тарабымыздан қырғызстандықтардың өз елінде орыс тілін үйрене алу үшін бәрін жасаймыз. Бізде белгіленген жоспарлар бар және сол бойынша да жұмыс істейміз" деді Путин.

19 ақпанда үкіметке қарайтын "Слово Кыргызстана" басылымында Садыр Жапаровтың Қырғызстан мен Ресей қатынасы жайлы "Союзнические узы" атты мақаласы жарық көрген. Онда орыс тілінің мәртебесі мәселесін қозғаған мақала авторы "президент және адам құқығы мен еркіндігіне кепіл ретінде және азамат ретінде бұл мәселе бойынша кез келген саяси манипуляцияға қарсымын" деп атап көрсеткен.

Бұған дейін Жапаров сапары барысында коронавирусқа қарсы вакцина, 100 млн доллар көлемінде грант және жеңілдікпен несие алу мәселесі, газ бағасы мен екі ел арасында теміржол және авиарейстер санын ұлғайту туралы келіссөздер жүретіні хабарланған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG