Accessibility links

АҚШ пен Еуроодақ дипломаттары Боқаев және өзге белсенділермен кездесу үшін Атырауға барды


АҚШ пен Еуроодақ елшілігі өкілдері мен қазақстандық белсенділер. Атырау, 25 ақпан 2021 жыл. Сурет Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің Twitter-дегі аккаунтынан алынды.
АҚШ пен Еуроодақ елшілігі өкілдері мен қазақстандық белсенділер. Атырау, 25 ақпан 2021 жыл. Сурет Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің Twitter-дегі аккаунтынан алынды.

25 ақпанда Атырауда АҚШ пен Еуроодақ делегациясының өкілдері Макс Боқаев және бірнеше белсендімен кездесіп, Қазақстандағы адам құқығы мен белсенділердің жиі тұтқындалуы туралы мәселелерді талқылады.

Белсенділермен кездесуге АҚШ елшілігінің вице-консулы Даниэл Хэдли мен Еуроодақ өкілдігінің саяси мәселелер жөніндегі қызметкері Эдуардес Александрас қатысқан.

Елде "саяси тұтқын" атанып, жақында түрмеден шыққан атыраулық белсенді Макс Боқаев кездесуде өзінің бұған дейін жария түрде айтып жүрген ұсыныстарын қайталағанын айтады.

- Менің жоспарым - ол ұлттық ымыраға талпыну, конституциялық құрылтай жинап, Атазаңды қайта қабылдау. Сол үшін өзімнің бүкіл ерік-жігерімді пайдаланамын деп айттым. Дипломаттар "мұның өте қиын екенін түсінетін шығарсыз" деді. Мен 1980 жылы Польша мемлекетінің де қиын жағдайға қарамастан жиналып, бір шешімге келгенін мысал етіп, бәрі де мүмкін екендігін, өзімнің оптимистік көзқараста екенімді жеткіздім. Еуропарламент қарарларын да талқыладық. Санкция керек екендігін айттық. Өйткені, Қазақстан билігінің, Назарбаев режимі қатысушыларының бар байлығы сол жақта. Олар еркін барып, еркін жүреді, ал бізге шын мәнінде күледі:"мейлі, не десеңдер де бізді қолдайды" деп санайды. Егер демократиялық құндылықты қолдайтын мемлекеттер шынымен сол үшін күресіп жатқан адамдарды қолдамаса онда күрестің де мәні бекер дедім, - дейді Макс Боқаев.

Оның айтуынша, дипломаттарды 28 ақпанда азаматтық белсендінің өзі мен басқа оппозициялық күштер жариялаған митинг қарсаңындағы қудалау да қызықтырған.

Макс Боқаев шетелдік дипломаттармен кездесуді қарапайым киінген адамдардың бақылап, жазып отырғанын да байқаған. Ол "Қазақстан ұлттық қауіпсіздік саласына қаншама қаржы бөлінсе де, баяғы ескі тәсілмен аңдып, тыңдауларын жалғастыруы бұл саланың да көштің соңында қалғанының белгісі" деп сынайды.

Бұл кездесу жөнінде Еуроодақтың Қазақстандағы делегациясы Twitter-де "Кеше Еуроодақ пен АҚШ елшілігінің өкілдері Атырауда Макс Боқаев және өзге белсенділермен кездесіп, ашық талқылау өткізді. Қазақстандағы реформа мен азаматтық қоғам рөлінің өсуі жөнінде пікірлерін тыңдады. АҚШ пен ЕО Қазақстандағы сөз бостандығын қолдайды" деп жазды.

Макс Боқаев - 2016 жылғы Жер митингілерінен кейін 5 жылға сотталып, биылғы ақпанның 4-інде бостандыққа шыққан. Оған құзырлы орындар екі әкімшілік шектеу қойып, митингілерге қатысуға, БАҚ өкілдерімен сөйлесуге, тұрған жерін тастап кетуге тыйым салған. 28 ақпанға белгіленген оппозициялық күштердің митингісі қарсаңында Боқаевты жергілікті құқық қорғау органдарының шақырып жатқаны жұма күні белгілі болды.

Еуропарламент 11 ақпанда Қазақстандағы адам құқығы туралы қарар қабылдаған. Онда Қазақстандағы адам құқығы бұзылуының жиілегені, азаматтық белсенділердің биліктен қысым көретіні, кейбірінің қудалау кезінде қайтыс болып жатқаны, сайлаулардың әділ өтпейтіні, азаматтық қоғам аясының тарылғаны айтылады. Қарар адам құқығының бұзылуына жауапты Қазақстан шенеуніктері мен мекемелеріне санкция салуды қарастыруға шақырады.

Еуропарламент қарарында соңғы жылдары жұмбақ жағдайда қайтыс болған белсенділер өлімі, атап айтқанда Дулат Ағаділ мен оның 17 жастағы ұлы Жанболат Ағаділдің қазасы, оппозициялық әрекеттері үшін саяси қудалауға ұшыраған Аманбике Қайролла мен Серік Оразов, Ғарифолла Емберген өлімінің ашық зерттелмеуі айтылған.

Қазақстан билігі Европарламент қарарымен келіспейді, оны "теріс ұстанымдағы саясаткерлер" ұсынды деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG