26 ақпанда Орал – Атырау жолында екі көлік соғысып, төрт адам қайтыс болды. Тағы алты адам ауруханада жатыр. Бұл – осы аптада Орал – Атырау тас жолында болған ірі жол апаты.
Төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында боран салдарынан 26 ақпанда жолдар жабылған.
- Ауылдар мен қалалар арасында жол жабылса да, екі көлік Чапаево елдімекені тұсындағы постан өтіп кеткен. Олар полицияның ескертуіне құлақ аспаған. Полицейлер "Камри" көлігінің жүргізушісінен тоқтауды талап еткенімен, ол қашып кеткен, - дейді департамент басшысының орынбасары Жанболат Жаншин.
Полиция Тайпақ ауылының маңындағы постқа ереже бұзылғаны жайлы хабар бергенімен, "Тойота Камри" көлігі ол постқа жете алмаған, жол апаты болған.
— Атырау жақтан тағы бір "Камри" көлігі келе жатқан, бұл көліктің жүргізушісі қарама-қарсы бетке шығып, екі машина соғысқан, - дейді Жаншин.
Денсаулық сақтау басқармасы оқиға орнында төрт адам қайтыс болғанын, төртеуі ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Мерт болғандардың екеуі - БҚО, біреуі - Петропавл тұрғыны. Тағы бір адамның кім екені анықталып жатыр.
Екі бұрын бұрын дәл осы Орал – Атырау тас жолында екі көлік соғысып, алты адам қайтыс болған. Екі адам ауруханаға түскен.
Полиция департаментінің дерегінше, 2021 жылдың екі айында Орал – Атырау тас жолында жеті жол апаты болып, 11 адам мерт болған. Бұл былтырмен салыстырғанда көп, 2020 жылы екі айда 20 жол апаты болып, 8 адам қаза тапқан.
Жанболат Жаншин апатқа жол ережесін сақтамау, жылдамдықты асыру және қарсы бетке шығу себеп дейді. Полицияның сөзінше, жол апатына ұшыраған екі көлік те заңсыз такси болып жүрген.
ПІКІРЛЕР